Ресейден келіп жатқан бидай, күнбағыс бағаны түсірді – Шаруалар

Батыс Қазақстан облысында егінге орақ түсті.

Күні бүгін 106 мың гектар астықты алқаптың бидайы орылып, ысырапсыз қамбаға құйылды. Гектарынан орташа 13 центнерден алып жатыр. Биылғы егіннің түсімі көңілге тоқ болғанымен, диқандарды қынжылтатыны бидайдың тым арзандап кетуі.

Батыс қазақстандық диқандар биыл 429 мың гектарға егін салған еді. Оның 306 мыңы дәнді дақылдар болса, 113 мыңы майлы дақылдар. Күні бүгін астықты алқаптың үштен бірі орылды. 

Денис Омашев, в БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- 90 мыңға тарта күздік дәнді дақылдар бар. Бүгінгі таңда ору жұмыстары аяқтала келді. Кейбір шаруашылықтар жазғы дәнді дақылдарды ору жұмыстарына кірісіп кетті. Бүгінгі таңда орташа өнімділік  13 центнерден беріп отыр әр гектарына. Облыс үшін орташа өнімділік болып саналады. 

Егіннің өнімділігі көңіл қуантқанымен, биылғы бидай бағасы диқандардың көңілінен шықпай отыр. Егер былтыр  былтыр  110 мың теңгеден басталса, қазір жергілікті элеваторлар 5-класты бидайдың тоннасын 58, 4-класты 63, 3-класты бидайды 68 мың теңгеден қабылдауда. 

Лұқпан Мұхамедияров, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Қазір 70-тен кейбірі одан да төмен баға беріп жатыр. Сол Ресейден келіп жатқан бидай, күнбағыс бағаны түсіріп жіберді. Кіріп жатыр ғой заңды да заңсыз да. Қазір тыйым салды автокөлікпен, транспортпен. Бірақ кіріп жатыр әлі. Таныстарым Чувашкадан звондайды. Күніне 40 машинадан кіріп жатыр деп. Фуралар дейді. Олар келіп сол 50-ден сатып жатыр.  

Шетелден бидай заңсыз кіріп жатыр деген шаруалардың сөзін шекарашылар жоққа шығарады. Автокөлікпен бидай әкелуге тыйым салынған 10 сәуірден бері өңірде бірде-бір ондай оқиға тіркелмеген. Дегенмен бидай бағасының құлдырауына байланысты кәнігі диқанның қорқынышы негізсіз емес. Егін егудің пайдасы шығынды жаппаса, алдағы жылы астықты алқаптардың аумағы күрт кемуі ықтимал. Шаруалардың  техника паркін жаңартуы да, жаңа технологияларды қолдануы да да тежеледі. 

Марат Тоғжанов, Бәйтерек ауданының әкімі:

- Ондағы ауылшаурашылық көмектері әлдеқайда жоғары ғой. Сондықтан олардың бидайы әлдеқайда төмен бағамен кіріп отыр біздің Қазақстанға. Сондықтан бүгін кеткен шығындарымыз Ресейден келетін дәнді дақылдардың бағасымен келмейді. Сондықтан жоқ дегенде 90 теңгеге бару керек. Бүгінгі күні РФ 40 мың теңгеге дейін тоннасын өткізуге дайын отыр. Бұл деген Батыс Қазақстан облысының ауылшаруашылығына қатты соққы болғалы тұр.

Мәселенің түйіні жергілікті жерде шешілмейді. Сондықтан бидай нарығындағы қазіргі қалыптасқан жағдайға жоғарыдағылар жіті назар аударса дейді диқандар. 

Е.Жылқайдарұлы, Қ.Махмудов