СҚО жастары кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасына қатысты
Солтүстік Қазақстан облысында 4 мыңнан аса жас кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасына қатысты.
Олардың бірі мемлекеттің қолдауы арқасында бизнес бастап кетсе, енді бірі мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.
Айбол Сапуанов Манаш Қозыбаев университетін бітірген. Диплом алған соң жарты жылдай әр жерде жұмыс істеп жүрді. Ал биыл мансап орталығына жүгініп, Петропавлдағы транформатор зауытына орналасты. Қазір екі жерден айлық алады.
Айбол Сапуанов, зауыт жұмысшысы:
- Мен негізі мастер - механик болып жұмыс істеймін. Катушкалар жасаймын. Трансформаторларға катушка жасап, оны трансформаторлардың жүрегі десе де болады. Бізбен басталады да түгел зауыт бойынша механизм ретінде сосын соңында транформатор ретінде шығады.
Жыл басынан бері субсидияланатын жұмыс орнына Айбол секілді бір мыңнан аса адам орналасты. Ұлттық жобаның тағы бір бағыты – жастардың жолын бизнесте ашу. Оның игілігін көргендердің бірі Мұрат Тілеуов. Былтыр Түркістан облысынан көшіп келген ол әйелі екеуі несие рәсімдеп, 11 сиыр сатып алды. Қазір сүтін сауып, күнде пайда тауып отыр.
Мұрат Тілеуов, Покровка ауылының тұрғыны:
- Несие 2,5 проценттік ол тиімді. Өте тиімді шаруашылыққа. Жаңағы біз қара мал алдық. Қазір сауып сүтін өткізіп жатырмыз. Жақсы күніне 15 мың теңге сондай ақша түседі жаңағы неден сүттен.
Биыл солтүстік қазақстандық жастардың бизнес бастауына 650 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы 35-ке толмаған адамдарға небәрі екі жарым пайызбен беріледі. Оларды жұмыспен қамту жағы да күн тәртібінен түспеген мәселе.
Ринат Елжасов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
- Солтүстік Қазақстан облысында 6 мыңнан аса бос жұмыс орны бар. Әсіресе, ауылшаруашылығы, тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау салаларында маман тапшы. Бұл ретте жастарға жол көрсету керек.
Қазір облыс бойынша жұмыспен қамту орталықтарына 5 мыңға жуық адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның әрбір бесіншісі - жастар.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков