Қазақстан-Өзбекстан кеден бекеттерінде кептеліс көп
Транзит арқылы Қазақстан аумағынан өтетін Тәжікстан азаматтары енді тек “Қонысбаев” кеден бекетінің қызметіне жүгінуі мүмкін.
Түркістан облысындағы бұл пункт былтыр кешенді жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Қазір «Жібек жолы» шекаралық өткізу аймағына ауыртпалық шамадан тыс жоғары. Бекетті кеңейту әрі жөндеу ісі жүргізілмеген. Бұл шаруа 2025 жылдың жоспарына енген. Соған қарамастан, оның қызметін екі ел азаматтарынан бөлек, транзиттік жолаушылар да пайдаланып жүр.
«Бір парасы Ресейден еліне қайта қоныс аударып жатқан тәжікстандық мигранттар», - дейді мамандар.
Мұнда жүктерді заманауи тексеру-бақылау кешенінің болмауынан ұзын-сонар кезек туындап, жолаушылар тәулік бойы кептелісте тұруға мәжбүр. Мәселеге арадағы туристік ағынның өсуі, сауда-саттықтың ұлғаюы және Қапланбек, Қазығұрт бекеттерінің жөндеуге жабылуы да себеп. Биылғы 6 айда «Жібек жолынан» 4,3 млн адам, 147 мың жеңіл көлік және 8 мың автобус өткен.
Ғалымжан Қыстаубаев, ҚР мемлекеттік кірістер комитетің Өзбекстандағы ресми өкілі:
- Мәселені жүйелі шешу үшін «Жібек жолы» өткізу пунктін толық жаңғыртудан өткізу керек. Оның ішінде электрондық паспорт жүйесін қолдану керек. Ол жұмысты арттырады. Сондай-ақ бекеттің өткізу қабілеті жоғарылайды. Оған дейін 2010 жылы жабылған Сарыағаш ауданындағы Төле би бекетін уақытша ашуды ұсынып отырмыз.