Шығыста туристік жарна қымбаттады

Шығыс Қазақстанда облыс орталығы мен 4 аудан туристік жарна мөлшерін бекітті.

Жалпы өңірге келетін туристердің қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2021 жылы облысқа саяхаттап келген шетелдіктер 5 мың 800 болса, былтыр 18 мыңға жуықтады. Сондықтан жарна мөлшері аймақта бірден жоғары деңгейге көтерілді.

Шығыс Қазақстан тұмса табиғатымен дара. Рахман бұлақтары, Берел қорғандары, Шілікті жазығы десе шетелдік туристер ішкен асын жерге қояды. Алтай тауларының жазы да, қысы да тамаша. Бұқтырманың жағасы да демалушылардан арылмайды. Юлия Блинкова отбасымен бірге Ресейден осы жағалауды аңсап келеді екен. Жаз сайын бір келіп кетпесек, сағынатын күйге жеттік деп тамсанады.

Юлия Блинкова, турист:

- Бұқтырманың бойы біздің сүйікті демалыс орнымыз десек те болады. Жылда келеміз. Әсіресе балалар үшін міндетті түрде ораламыз. Неге десеңіз, суы жылы, бүлдіршіндерге өте ыңғайлы. Тау ортасында тұр. Оның үстіне көп адам жоқ, тыныштықта демалуға болады.

Енді шет мемлекеттен елімізге табан тірегендер қонақүйде қалған әр тәулігі үшін жарна төлейді. Мөлшерін алдыңғы жылғы туристер санымен салыстыра келе, жергілікті мәслихат бекітеді. 1-5 процент аралығында. Мәселен, Шығыс Қазақстан бұл тұрғыда бірден ең жоғарғы проценттік мөлшерге бірақ жетті. Өйткені алдыңғы жылдармен салыстырғанда, өзге елден келушілер саны күрт артқан.

Марат Қабақов, облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:

- Ковидтен кейін 10 емес, 20 емес, 300 процентке бірақ жетті. Сондықтан жарна максималды түрде 5 процентке көтерілді. Қазіргі таңда министрлік арқылы ақылдасып, жұмыс істеп жатырмыз. Енді пайыздық мөлшермен емес, айлық есептік орташа көрсеткішпен бекітілетін болады.

Сонымен Шемонайха, Алтай, Күршім, Қатонқарағай аудандары мен Өскемен қаласы шетелдік туристерге әзірге 5 процент жарна белгілеп отыр. «Жалпы жарнадан жиналған қаражат қайтадан дәл осы туризмді дамытуға жұмсалады», - дейді мамандар.

Нұртас Кәріпбаев, ҚР МСМ туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары:

- Жалпы жылдың басынан бастап туристік жарнадан жергілікті әкімдер берген ақпаратқа сәйкес 300 миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Осы қаражаттың барлығы жергілікті жерлерде туризмді дамыту жұмысалады. Ол жаңағы инфрастурктура дейміз, үлкен іс-шаралар өткізсе, осы салаға, осы бағытқа жұмсауына болады.

Әзірге жарна сомасы бойынша көш басында Алматы тұр. «Bed tax деп аталын бұл жүйе шетелдіктерге таңсық емес», - дейді сарапшылар. Тіпті көршілес мемлекеттер де осы қаражат арқылы туризм саласын дамытып жатқан көрінеді.