Кентаудағы ЖЭО қазандықтарының 90 пайызы тозған
Түркістан облысы Кентау қаласындағы жылу электр орталығының қазандықтары күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Одан бөлек, ұзындығы 6 шақырымнан асатын магистральді жылу құбырлары да ауыстырылуда. Бұл жұмыстар жылыту маусымына дейін толық аяқтала ма? Биыл қанша қазандық іске қосылады?
Мұнда алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл жылу электр орталығындағы 8 қазандықты жөндеу жоспарланған. Себебі оның барлығы әбден ескірген.
Қазір мұндағы 8 қазындықтың 4-і ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Қалған 4-не қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, ағымдағы жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңында толық аяқталады. Ал қайта құрудан өтіп жатқан 4 қазандықтың 2-уі қазан айында, қалғаны желтоқсанның соңында тапсырылады деп жоспарланған.
Талап бойынша қазандықтар әр 5 жыл сайын күрделі жөндеуден өтіп тұруы тиіс. Алайда мамандар соңғы 11 жылда мүлдем жөндеу көрмегендіктен қазандықтардың 90 пайызы тозып кеткенін айтады. Соның салдарынан апаттық жағдайға жеткен.
Азамат Дүйсенбеков, мердігер мекеменің бөлім басшысы:
- Біз қазір ауыстырып жатқан 8, 9, 10, 11-ші қазандықтар толығымен тозған. Ағымдағы жөндеумен жүре берген. Мұны ауыстырмаса болмайды. Жылу маусымында зардабы болады. Қанша дегенмен 1952 жылы салынған орталық. Одан кейін қайта құру көрмеген. Темір қаңқасы қалады, қалған бөліктері; қазандықтың өзі, оның насостары, газаходтары, экран құбырлары бәрі жаңадан ауыстырылады.
Жалпы ЖЭО толық қайта құруға 13,7 млрд теңге қажет. Алайда биыл 8 қазандық пен ұзындығы 6,6 шақырым магистральды жылу жүйелерін қайта құруға облыстық бюджеттен - 3, республикалық қазынадан – 3,8 млрд теңге бөлінген. Бүгінге дейін тозығы жеткен жылу құбырларының 4,7 шақырымы ауыстырылған. Кәсіпорын басшысы қыстан қысылмай шығуға толық мүмкіндігіміз бар деп отыр.
Серік Қайратұлы, "Кентау сервис" мемлекеттік кәсіпорнының директоры:
- Биыл қыста 4 қазандық жұмыс істейді. Қалған 4 қазандық резервте болады. Сол қазандықты қайта құрудың нәтижесінде биыл жылу маусымында тұрақтылықты арттырып, соған ниеттеніп отырмыз. Құрылыс сапалы аяқталған жағдайда жылу сапасын арттырамыз.
Мамандар жылу электр орталығын жаңғыртудың 2-кезеңінде нысан толықтай қайта құрудан өтетінін айтады. Қала бойынша 14 шақырым жылу құбыры ауыстырылып, 81 шақырым ішкі жылу жүйелері жаңартылады. Жауаптылар үкімет қажетті қаржыны уақытында бөлінген жағдайда қайта құру жұмыстары 2025 жылы толық аяқталады дейді.