Қарашөкеев қар астында астық қалмайды деп отыр
Биылғы егін жинау науқанына 426 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Оның 58 мың тоннасы азық дайындау жұмыстарын жүргізуге бағытталмақ.
Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.
Айта кетейік, биыл елімізде 24 млн гектар алқаптан егін жиналады. Бүгінде оның 2,4 млн гектарынан өнім алынды. Осыған қатысты сала министрі өңір әкімдіктеріне қамбаларды әзірлеп, астықты қабылдауға дайын болуды ескертті.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Республика бойынша астық сақтауға арналған қамбалардың жалпы сиымдылығы 29,9 млн тонна. Оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында – 13,1 млн тонна, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде – 16,8 млн тонна. Сақтау қуаттылығының көрсетілген көлемі өткен жылдардың ауыспалы қалдықтарын ескере отырып, болжамды егінді сақтау үшін жеткілікті. Облыс әкімдіктері астық қоймаларының жаңа өнімді қабылдауға дайындығын қамтамасыз етуі қажет.