Көкшетаулық шебер ағаштан керемет дүниелер жасайды
Көкшетаулық Жастілек Қарамолдин ағаштан қиып, керемет дүниелер жасайды.
Сәні өз алдына, шебер, әр туындының мән мағынасына да талғаммен қарайды. Ою-өрнегін келістіріп, ұлттық нақышта әзірлейді. Оның қолынан шыққан бұйымға сұраныс жоғары.
Бұл Жастілек Қарамолдиннің шағын шеберханасы. Көрсе көздің жауын алатын түрлі бұйымдарды осы жерде жасайды. Әсіресе күнделікті тұрмысқа қажет бұйымдарға сұраныс жоғары.
Жастілек Қарамолдин, шебер:
- Ұлттық нақышта жасауға, ұлттық оюлар салуға тырысамыз. Халыққа күнделікті қажет орындық, кухонный стол жасаймын. Енді бағасын халыққа қолжетімді етіп, аса көтермейміз. Сапалы түрде жасауға тырысамыз.
Шебер қолөнермен 2018 жылдан бастап айналысады. Алдымен «Бастау бизнес» жобасы арқылы мемлекеттен қайтарымсыз несие алады. Қомақты қаржыға шеберханасына қажетті жабдықтар сатып алды. Ол кәсібін дөңгелетем деген адамға мемлекеттен қолдау барын айтады.
Жастілек Қарамолдин, шебер:
- Қазіргі біздің қоғам үшін адал еңбек ету керек деп ойлаймын. Өзінің еңбегімен жетістікке жеткен дұрыс. Қазіргі заманда жалқау адам кемде-кем деп ойлаймын. Қазір жастардың өзі еңбекқор. Технология дамыған. Істеймін деген адамға барлық жағдай бар.
Шебер алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейтуді көздейді. Яғни шеберханасын үлкейтіп, жаңа қондырғылар сатып алуға ниетті. Тағы бір арманы – ата кәсіпті ұлына меңгертіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырғысы келеді.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренко