Шаруаның жанайқайы. Субсидия төлеуді қайта қарау керек – депутат
Маңғыстаулық фермерлер мемлекеттің қаржылай қолдауына зәру.
Мәселен, Қарақия ауданында мал азығы, көкөніс пен жеміс-жидек өсіріп отырған диқандар коммуналдық төлемдердің қымбаттығына наразы.
Айтуларынша, әр қожалық ай сайын тоққа 300-500 мың теңге төлейді. Жерасты суын сорып, жасыл желекті тамшылатып суаратын құрылғылар үзіліссіз жұмыс істеп тұрғандықтан шығындануға тура келеді, - дейді.
Жылыжайларды қыста жылыту үшін көгілдір отынға да қомақты қаржы жұмсалады. "Дайын өнімдерді сату өз алдына бөлек мәселе. Дүкен, базарларға дер кезінде жеткізілмеуінен бақша дақылдары егістік алқаптарында қурап жатыр" - деп отыр шаруа қожалықтарының иелері.
Диқандарды Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин тыңдап, мәселенің шешілуіне атсалысатындығын жеткізді.
Бауыржан Төлепов, фермер:
- Реализация деген мүлдем жоқ. Екі жыл болды қозғап жүргенімізге. Асардан әрең дегенде орын берді кеше, мысалы. Кілең алыпсатарларға беріп қойған. Біз 100 теңгеден апарсақ, олар 250 теңгеден сатады. Жұмысқа адам тартайық десек, 250 мың десең де ешкім келмейді мына жерге. Келеді, бір демалыстан кейін қашып кетеді. Оңай емес қой, таңертеңнен кешке дейін күннің астында жүру деген.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Субсидия мәселесін басқаша қарау керек. Мүмкін беріліп жатқан субсидиялар аздық етуі, кейбір мәселелерге байланысты субсидия жоқ болуы да мүмкін. Екінші мәселе – шығарған өнімді жинайтын жұмыс қолы жетіспейді. Басқа елдердің азаматтарын әкелуге шектеу бар. Сосын сату механизмін, мына делдалдар алса да оның бағасын азғантай қосуы немесе өздері тіке сататындай бір мүмкіндік беруі керек әкімдіктер.