Ұлттық әл-ауқат қорынан түскен ақша қайда кетеді?
Былтыр Ұлттық әл-ауқат қорынан "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына 66 миллиард теңгеден астам қаржы түскен.
Соның нәтижесінде елде медицина, білім беру, спорт сынды алты сала бойынша 35-тен астам қайырымдылық іс-шара жүзеге асты.
Атап айтсақ, сырқаты ауыр 300-ден аса отандасымыз жалпы құны 25 млрд теңгеге жуықтайтын қымбат дәрі-дәрімекпен қамтылды. Тағы 20 науқас шетелде ем алды. 4 өңірде "Ерте араласу" – оңалту кешені ашылды.
Ал білім саласында қорға түскен қаржы есебінен алдағы оқу жылы әлеуметтік осал топтан шыққан студенттерге 850 білім гранты бөлінді. 17 өңірде заманға сай жабдықталған тірек мектептері құрылды.
Спорт саласы бойынша: ауылдық жерлерде 15 мыңнан астам баланы қамтитын 76 спорт залын салу жоспарланып отыр. 10 пара-спортшы мен 96 балаға арнайы протездер жасалды. Елде пара спортшыларға арналған алғашқы жүгіру мектебі осы қор қаржысы есебінен бой көтерді.
Ал аутизмі бар және өзге де нышанды балалар үшін 4 арнайы орталық жасақталды.
Айта кетейік, Президент тапсырмасына сай Ұлттық әл-ауқат қоры жыл сайынғы табысының кемінде 7 пайызын "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына аударуға міндетті.