Ұлттық банк базалық мөлшерлеме туралы келесі шешімін қазанда жариялайды

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,5%-ға дейін төмендетті.

Қабылданған шешімді түсіндіріп берген Орталық банк басшысы Ғалымжан Пірматов елде инфляция 5 ай қатарынан төмендеп келе жатқанын айтты. Шілдеде жылдық инфляция 14%-ды құраған еді. «Алайда, базалық мөлшерлеме одан әрі төмендей береді деп айтуға әлі ерте», - дейді мамандар.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, базалық мөлшерлемені төмендетуге бірнеше фактор ықпал етті. Қазір сырттан инфляциялық қысымның біртіндеп әлсірей бастағынын байқауға болады. Бұл жағдай әлемнің азық-түлік нарығында баға төмендеп, логистика шығындары азаятынын білдіреді. Ал, ел ішінде тұрғын үй-коммуналдық қызметі мен жанар-жағармай бағасының өсуіне байланысты халықтың инфляциялық күтулері жоғары күйінде сақталып отыр, - дейді Орталық банк басшысы.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Респонденттердің пікірінше, жанар-жағармай мен тұрғын үй коммуналдық қызметі бағасының өсуі – бағаның өсуіндегі басты факторлардың бірі. Сезілетін инфляция да төмендеп, 18,6%-ды құрады. Бұл күтілетін инфляцияның нақты динамикасымен үйлеседі. Инфляциялық күтулердің төмендеу үрдісін ұстап тұру біз үшін маңызды.

Былтыр жыл соңында баға әл бермей кеткенде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75 пайызға дейін көтерген болатын. Инфляцияның бүгінгі баяу үрдісі – соның жемісі. 

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Жалпы біздің әрекеттеріміз бен қазіргі шешіміміз инфляцияның төмендеу траекториясын болашақта сақтап қалуға бағытталған. Ұлттық Банк базалық мөлшерлемеде есепке алмайтын тұрғын үй коммуналдық қызметтері тарифтерінің көтерілуінен болған тікелей әсерді ескермесек, 5%-дық ортамерзімді мақсатқа 2025 жылдың соңына таман қолжеткізу күтілуде. 

Орталық банктің басшысы биылғы болжам бойынша жылдық инфляция 10-12% шегінде болады деді. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 6 қазан күні жарияланады.