Қазақстан Өзбекстанға тері экспорттауы мүмкін
Өзбекстанның тері өңдейтін кәсіпорны Қазақстаннан шикізат сатып алуы мүмкін.
Көршіміздің Сырдария облысында өтіп жатқан қазақ, өзбек және тәжік бизнес форумында осындай бастама көтерілді. Ала шапанды ағайын бірер жыл бұрын Қытаймен бірлескен кәсіпорынды іске қосып, былғары шығаруды қолға алды. Тіпті дайын киім үлгілерін жасауды жолға қойған. Бірақ кейде шикізат жетіспеушілігіне жиі тап болады. Ал Қазақстанға мал терісін жөнелтетін нарық керек. Біздегі кәсіпорындар көршімізге өнімді тұрақты түрде саудалауға ниетті. Келешекте «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығында бірлескен тері өңдеу кешенін салу жоспары да бар. Жалпы екі ел өндіріс саласында бірлескен 71 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Оның 10-ы толыққанды іске қосылды. Шымкентте екі тоқыма фабрикасы жұмысын бастаса, тағы бір компания бірлескен көлік жасауды қолға алды.
Бейбіт Атамқұлов, Қазақстан республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Шекаралық сауда дамыса, өңірде тұратын халықтың жағдайы да жақсарады. Орталық сауда және өндірістік хабқа айналады. Осылайша Сырдарияның бойында орналасқан қос ел бірігіп дамиды. Алдағы уақытта Самарқандта өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Сол шарада аймақтар арасындағы әріптестікті одан әрі дамытатын боламыз.
Мүминбек Каримов, тері өңдеу зауыты басшысының орынбасары:
- Зауытта жылына 600 мың шаршы метр тері өңделеді. Дайын өнім де даярлаймыз. Ерлер және әйелдер аяқ-киімін жасауды қолға алдық. Шикізатты негізінен Өзбекстанның оңтүстік өңірінен әкелінеді. Бүгін Қазақстан елшісі шикізат тасымалдау жөніндегі ұсынысын жеткізді. Бізге бұл іс тиімді болар еді. Өйткені өнім жетіспей жатыр.