Ақтөбе облысының бюджеті артты
Ақтөбе облысының бюджеті былтырмен салыстырғанда 209 миллиард теңгеге артты.
Оның ішінде даму бюджеті 2,4 есе ұлғайған. Бұл өңірде тұралап қалған түрлі салаға дем беріп, тұрғындар тағатсыз күтіп жүрген ондаған жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Облыс әкімі мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелеріне жылдық жұмыс қорытындысы туралы есеп берді.
Еліміз бойынша жол сапасы жағынан Ақтөбе облысы көш соңында. Әбден ескірген халықаралық дәлізді айтпағанда облыс орталығындағы көшелер мен айналма бағыттар жүргізушілерді мезі еткен. 41-разъезд пен оңтүстік айналма бойындағы көпір биыл жөнделді. Ақтөбе – Қандыағаш бағытындағы төрт жолақты тасжолының 80 проценті жыл соңына дейін дайын болады.
Ералы Тоғжанов, облыс әкімі:
- Ең үлкен сұрақтардың бірі өткен жылғы бұл битумның мәселесі болатын. 11 млрд ақша игерілмей жатқан. дер кезінде қабылданған шешімдердің, келіссөздердің арқасында бұл сұрақ та шешімін тапты. Қажетті битумды қамтамассыз еттік. Сапалы жол салынды.
Аймақ бюджеті былтырға қарағанда 209 млрд теңгеге артып, 638 млрд теңгеге жетті. Барлық салада бойынша дамуға серпін беріп отырған көрсеткіш даму бюджетінің 89 млрд теңгеге ұлғаюы.
Ералы Тоғжанов, облыс әкімі:
- Өткен жылы сентябрь айында 64 млрд болатын болса, бүгінде 153 млрд құрап отыр. Біраз, көптеген сұрақтарды шешуге мүмкіндік берді. Атап айтатын болсақ 15 мектеп, 6 спорт кешені, 6 тұрғын үй құрылысы, 1 денсаулық сақтау нысаны, өрт сөндіру және шұғыл басқару орталығының құрылысы жүзеге асты.
Биыл экономикаға 470 млрд теңгеге инвестиция тартылды. 2025 жылға дейін 17 ірі жоба жүзеге асырылуы тиіс. Алайда дәл қазір қолбайлау боп тұрған жайт – көгілдір отын тапшылығы. Мәселені түбегейлі шешу үшін «Бұқара-Орал» магистральді газ құбырының үшінші желі құрылысы басталды. 43 млрд теңгеден асатын табиғи отынды тасымалдаушы жүйе бір жарым жыл ішінде салынып бітуі тиіс.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов