Корея еліміздің ірі инвесторына айналуы мүмкін
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасының 5 ірі инвесторының біріне айналуы мүмкін.
Бұл туралы Конституция күніне арналған дөңгелек үстелде Сеулдегі елшіміз Нұрғали Арыстанов мәлім етті. Әзірге кореялық бизнесмендер инвестициялық рейтингте 6-орында. Елшілігіміздің мәліметінше, Қазақстанда корей капиталының қатысуымен 740-қа жуық компания жұмыс істейді. Бірлескен сәтті жобалардың қатарында Үлкен Алматы айналма жолын пайдалануға беру және құны 700 миллиард теңгеге жуық құрайтын Түркістандағы электр стансасының құрылысы бар. Өз кезегінде оңтүстіккореялық сарапшылар Еуразия аймағындағы күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, ресми Астана мен Сеулдің ынтымақтастыққа әлеуеті бар екенін атап өтті.
Нұрғали Арыстанов, ҚР корея Республикасындағы елшісі:
- Біз Каспий теңізі арқылы орта дәліз салып жатырмыз. Корея кеме жасау және инфрақұрылым саласында әлемдік көшбасшы болып табылады. Біз Қазақстанда кеме жөндеу зауыттарын салудың бірлескен мүмкіндіктерін зерттеп отырмыз. Бүгінде Алматы мен Сеул арасында аптасына 11 әуе рейсі бар. Біз бұл санды арттырып, Қазақстан мен Оңтүстік Корея астаналары арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіруді көздеп отырмыз.
Джон Мин Хен, Корея халықаралық экономикалық саясат институтының қызметкері:
- Қазір төртінші өнеркәсіптік революция уақыты. Қазақстан табиғи ресурстарға бай. Ол аккумуляторлар мен жартылай өткізгіштер өндірісінде маңызды рөл атқарады. Ал Кореяға мұндай ресурстар қажет. Қазақстанға өнеркәсіпті дамыту қажет, ол үшін корейлік технологияларды қолдануы маңызды.