Жолдау. Елдегі инфрақұрлым саласында қандай өзгеріс бар?
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысып жатыр.
Ол жиын барысында Президенттің бұған дейінгі жолдауларының қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
«Сарыарқа» газ құбырын салудың бірінші кезеңі аяқталып, 170-тен астам елді мекен табиғи газға қол жеткізді. Газ саласында жылына қосымша 4 млрд текше метрге дейін газды, оның ішінде газ кен орындарын игеруге мүмкіндік беретін заңнамалық нормалар қабылданды. Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылысы жалғасуда. Жоба 2025 жылы аяқталады – деді Үкімет басшысы.
Заңнама деңгейінде мұнай өнімдерін сату кезіндегі өнімсіз делдалдар алынып тасталды. Енді мұнай өндіруші ұйымдар мұнайды мұнай өңдеу зауыттарына өңдеу үшін өздері жеткізе алады.
Биыл қуаты 700 МВт-тан асатын электр станцияларды жаңғырту аяқталады. Оның ішінде қуаты 500 МВт болатын Екібастұз ГРЭС-1-дің бірінші энергия блогын қалпына келтіру жөніндегі ауқымды жоба аяқталады. ГРЭС-2-ні кеңейту және ГРЭС-3-ті салу жобалары іске асырыла бастады. Оған қоса ағымдағы жылы жалпы қуаты 126 МВт болатын 7 жаңартылатын энергия көздері жобалары іске асырылуда – деді ол.
Сондай-ақ ол «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске асырылып жатқанын айтты.
Нәтижесінде 2029 жылға дейін коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейі 20%-ке төмендеуі тиіс. Жаңа тарифтік саясат тарифті қалыптастырудағы бүкіл процестің ашықтығы, есептілігі және жариялығы қағидаттарына негізделеді. Бұл 62 мың км инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға 3 трлн теңгеден астам инвестиция тартуға, сондай-ақ 25 мың км иесіз желілерді балансқа қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрғын үй кешені саласындағы 200 мыңнан астам жұмысшылардың жалақысы қазіргі 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін артады – дейді Смайылов.
Оның сөзінше «Өнеркәсіптік саясат туралы» жаңа Заң өңдеу өнеркәсібінің орнықты дамуына жол ашқан.
Соңғы жылдары саланың орташа өсуі 4,5% болды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бюджетке түсетін барлық түсімдердің 20%-тін құрады. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету тетігі енгізілді.Қайта өңдеушілерді бастапқы алюминиймен және мыс шикізатымен қамтамасыз ету бойынша 25 келісімге қол қойылды. Бұл алюминийді қайта өңдеу көлемін 38%-ке және мысты – 49%-ке ұлғайтуға мүмкіндік берді – дейді Үкімет басшысы.
2020 жылы құрылған Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы шамамен 221 млрд теңге сомасына өңдеу өнеркәсібі жобалары қаржыландырылды.
Өнеркәсіптік кооперацияға жәрдемдесу мақсатында 2021 жылдан бастап отандық өндірушілермен жалпы сомасы 100 млрд теңгеден астам қаржыға 110 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды. 2019-2022 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы сомасы 4,6 трлн-нан астам қаражатқа 586 жоба пайдалануға беріліп, 51 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде, осы кезеңде өнеркәсіпте өңдеу үлесі 40%-тен 45,2%-ке дейін өсті – дейді Әлихан Смайылов.