Қазақстан мен Қытай арасында сауда көлемі артпақ
Отандық кәсіпкерлер Қытайдың Шаньдун провинциясымен сауда-саттықты арттырмақ жоспарда.
Бүгін елордада Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық әріптестігі форумы өтіп, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Жиында сөз сөйлеген премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин осы Шаньдун аймағымен 6 ай ішінде 1,1 млрд долларға сауда жасасқанымызды атап өтті. Қазақстанның құны 1 млрд доллар болатын 170 аталымдағы тауарды экспорттай алатын әлеуеті бар. Негізі Қытайдың дәл осы өңірімен ауыл шаруашылығы саласында әріптестік аясын кеңейтуге мүмкіндігі зор.
Айта кету керек, биыл Алматыдан Цзинань қаласына 1,3 мың тонна болатын қазақстандық бидайдың алғашқы партиясы жіберілген.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Бізді негізінен қытайлық компаниялар агроөнеркәсіп кешенінде қолданатын цифрлық технологиялар қызықтырып отыр. Шаньдун провинциясы мақта, көкөніс, бидай сынды ауыл шаруашылығы өнімдеріне бай өңір. Біз әріптестікті осы салада кеңейте аламыз. Қазақстан соңғы 10 жыл ішінде өзінің экспорттық әлеуетін де арттырды. Қазір біздің өнімдер Орталық Азия, Еуропалық Одақ және Таяу Шығыс елдеріне жөнелтіледі.
Негізі Қытайдың шығысында орналасқан - Шаньдун провинциясы ірі экономикалық аймақтардың қатарына жатады. Сары теңіз бен Хуанхэ өзені бассейніне тікелей шығу мүмкіндігі бар. Яғни, порттары жақсы дамыған. Ал экспорттық әлеуеті бар Қазақстанға логистиканы арттырып, жаңа бағыттар ашуға зор мүмкіндік туып отыр.
Лин У, ҚХР Шаньдун провинциясы партия комитетінің хатшысы:
- Біздің Қазақстанға сапарымыз екі ел басшылары арасындағы маңызды келісімдерді іске асыру үшін жасалған нақты қадам болып табылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта құру, сауда және логистикалық инфрақұрылым құрылысы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін үлкен әлеует бар.