Елімізде Экономика жөніндегі сарапшылар кеңесі құрылады
Бұл туралы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында өткен отырыста хабарланды.
Аталған кеңес экономикалық саясаттағы түрлі бағдарларды сараптап, талдайтын болады. Ал бұл жұмыстардың қорытындысы Мемлекет басшысына, Үкіметке және басқа да органдарға ұсынылады.
Мемлекеттік аппарат «Бюджетті басқарудан» «Нәтижені басқару» тәсіліне көшуі тиіс. Отырысқа қатысқан сарапшылар жоспарлау жүйесіне өзгеріс қажет екенін айтады. Яғни, жекелеген тұлғалардың, құрылымдардың жауапкершілігін күшейту қажет. Өз кезегінде бұл сыбайлас жемқорлықтың да жолын кеседі дейді мамандар.
Олжас Құдайбергенов, стратегиялық бастамалар орталығының аға серіктесі:
- Әрбір министрлікке автономия беру керек. Ол өз лимиті ішінде қандай шешім қабылдайтынын өзі біледі. Мұндай практика әрбір дамыған мемлекетте бар. Сосын, ол жерде енді, өздеріңіз білесіздер, коррупцияның деңгейі өте төмен. Біз мына жерде бюрократияны көбейтіп, әрбір министрдің қадамын қадағалап бәрібір коррупцияның деңгейін азайтқан жоқпыз. Әрбір құжатта бір қол болады. Сол бір подпись болған кезде адамның жауапкершілігі көтеріледі.
Экономиканы жоспарлауда аймақтарға көңіл бөлінуі керек. Ұлттық жобаларды түзетін кезде шығындарды нақты білу қажет. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, бұған дейінгі тәжірибе міндетті түрде назарға алынып, жергілікті жердегі жағдай ескерілгені маңызды.
Қайырбек Арыстанбеков, экономикалық саясат институтының директоры:
- Мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі индикаторлар бар ғой, көрсеткіштер. Солардағы үлес салмағы, бізде мына 167 аудан бар ғой Қазақстан бойынша, солардың үлес салмағы 20-ақ пайыз ғана. Қалғаны орталық органдардың индикаторы. Демек, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде не болып кеткен? Орталықтандыру болып кеткен. Ал, ішкі жалпы өнім қай жақта жасалады? Астанада емес қой. 167 ауданда жасалады.
Жаңадан құрылатын сарапшылар кеңесі стратегиялық жоспарлау негізін қалайды. Бұл орайда, жан-жақты талданған модельдер қолданылады. Ғалымдардың айтуынша, кеңес жұмысының нәтижесін қазақстандық қоғам жақын уақытта сезінуі тиіс.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мұрат Әріпханов