Қызылша қабылдау 10 қыркүйекте басталады

Жетісу облысындағы «Көксу» қант зауыты ауыл шаруашылығы құрылымдары өсірген қант қызылшасын 10 қыркүйектен қабылдайды.

Ал «Ақсу» қант зауыты бұл жұмысты 15 қыркүйектен бастайды. Шаруалар тәтті түбірдің әр келісін биыл 40 теңгеден өткізеді. Оның 15 теңгесін зауыттар төлесе, қалған бөлігін мемлекет өтейді.

Жетісу облысы бойынша биыл 9 мың гектарға жуық алқапқа қызылша егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Биыл «Көксу» қант зауыты 250 мың тонна, ал «Ақсу» қант зауыты 120 мың тонна қызылша алуды алуды жоспарлап отыр.

Ыбырай Дәуітов басқаратын Көксу ауданындағы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өткен жылы 50 гектар жерге тәтті түбір екен еді. Бүгінде қызылша алқабының көлемін 236 гектарға жеткізді. Шаруа көктемгі дала жұмыстары кезінде қант зауытынан 20 миллион теңге көлемінде қолдауқаржы алған. Оны күзде жиналған өнім есебінен өтейді.

Ыбырай Дәуітов, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы:

- Қазір, міне, соңғы суын беріп жатырмыз, «салмақ суы» дейміз. Осы күнге дейін мемлекет тарапынан субсидияланған жанар-жағармай алдық. Одан кейін мынау гербицид, фунгицид, тұқымның жаңағы субсидиялары уақытында берілді облысымыз ауысып тұрса да. Одан кейін мына қант зауытының тарапынан аванс берілді гектарына 100 мыңнан.

Шаруалар соңғы кездері басқа дәнді дақылдарға қарағанда қызылша егудің өте пайдалы екенін түсіне бастаған. Өйткені бағасы жақсы, өнімділігі де жоғары. Бірақ бұл дақыл баладай күтіп-баптауды қажет етеді.

Нұрдәулет Кененбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының жалпы осы қант саласын дамыту жөнінде бір үлкен тапсырмасы бар. Сол тапсырма аясында біз жылма-жыл қант қызылшасының көлемін ұлғайтып отыруымыз керек. Келесі жылға біз 11 мың гектарға жоспарлап отырмыз. Былтыр 159 шаруа қожалығы болатын болса, биыл 270-тің үстінде. Яғни, шаруа қожалықтарының арасында да үлкен қызығушылық бар. 

Жетісу өңірінде биылғы жиын терім кезінде жалпы көлемі 400 мың тоннадай қант қызылшасы жиналады деп жоспарланған.

Алтынбек Абатов, қант зауытының директоры:

- Қабылдау 15 мың теңге, сол күйінде қалды және компенсация жолға кеткен шығынын біз төлеп береміз. Кербұлақ ауданына, алыстағы аудандарға 3 мың теңгеден тоннасына, Көксу, Қаратал, Ескелді аудандарына мың теңгеден тоннасына.

Зауыт қызылшаны қабылдап алғаннан кейін 10 күн ішінде шаруашылықтармен есеп айырысуы тиіс. Ал үкімет өтейтін бөлігі өңірлік ауыл шаруашылығы басқармалары арқылы бір аптаның ішінде өтеледі.

Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов, «Хабар-24», Жетісу облысы