Қазақстанның қазба байлығы қаншалықты зерттелген?
Қостанай облысында соңғы 6 жылда бюджет есебінен 9 учаскеде геологиялық барлау жұмыстары жүргізілді.
Оның жалпы аумағы 38 мың шаршы шақырым. Мемлекет басшысы өз Жолдауында алдағы 3 жылда жер қойнауын зерттеу көлемін кемі 1,5 есе ұлғайтуды міндеттеді.
Сала мамандары осы талап үрдісінен шыға ала ма? Техникалық, технологиялық мүмкіндік қандай?
Қостанай өңірінің жер қойнауы пайдалы қазбаға бай. Түрлі дәрежедегі танымал және зерттелген минералды шикізаттың 35 түрі бар. Соның ішінде темір мен бокситтің негізгі қоры осы Қостанайда. Сол пайдалы қазбалардың нақты орнын, мөлшерін анықтауда геологиялық барлау жұмыстарының маңызы зор. Ол кемі 5-6 жылға созылады. Алдымен бұрғылау әдісімен әр тереңдіктен алынған жыныс үлгілері бастапқы зерттеуден өтіп құжаттандырылады.
Дархан Мақатов, далалық зерттеу бөлімінің басшысы:
- Біріншіден – әр керн материалына өзінің реттік саны белгіленеді. Содан кейін бұл біздің мәліметтік базаға енгізіліп, әрі қарай геологтар ең алғашқы құжаттама жұмыстарын бастайды. Одан кейін лабораторияға жіберіледі. Лаборатория Қазақстан аумағы бойынша Қарағанды, шет ел аймағында Ирландияға бірден жетікізіледі.
Рудный қаласында биыл ашылған геологиялық хаб замануи құралдармен жабдықталған. Мысалы мынадай тығыз жынысты кесу аппараты Қазақстанда жалғыз. Одан қалды осы жерде болашақ кен орнының моделі жасалады.
Дастан Мақат, жобалық геолог:
- Алдарыңызда көріп тұрғандай белгілі кен денелерін білеміз, кенді интервалдарды бөліп аламыз. Одан әрі қарай біз осы кен денелерінің моделін жасаймыз. Бұл біздің барлау жұмысымыздың негізгі нәтижесі. Одан әрі біз осы материалдарды кеншілерге беріп, олар кенді қалай алып шығу жұмыстарын әрі қарай жасайды.
Мынау қойманы минералды шикізат мұрағаты деуге болады. Бұл жерде жер қойнауынан алынған 25 мыңнан астам жыныс үлгілері сақтаулы. Олар Ақтөбе, Қостанай облысы аумағынан алынған. Бұл материалдарды болашақта зерттеу жұмыстары үшін пайдалануға мүмкіндік бар.
Облыс аумағында соңғы 6 жылда тек республикалық бюджет есебінен 9 учаскеде геологиялық барлау жұмыстары жүргізілген.
Майя Оспанова, Өңірлік геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының басшысы:
- Осы атқарылған жұмыстардың қорытындысында пайдалы қазбалардың 12 түрі бойынша болжамды қорының есебі шығарылды. Оның негізгі бөлігі – көмір – 14 миллиард тонна, алтын – 31 килограмм, сондай-ақ молибден, мырыш, никель, вольфрам, титан, мыс және басқалары. Осы болжам негізінде тиімді деген учаскелер анықталды.
Бірақ әзірге солардың игеріліп жатқандығы шамалы. Тек сирек металл қоры бар Ақбұлақ учаскесіне мамандар қызығушылық танытып отыр. Ондағы барлау жұмыстары келер жылы аяқталады.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров, «Хабар 24», Қостанай облысы.