Смайылов: Көктемде қар ерігенде салған жолдарың да еріп кетпесін
Алдағы 6 жылда елде республикалық санаттағы 8 мың шақырым жол жөнделеді.
Қазір соның 2 мың шақырымында тиісті жұмыстар басталды.
Сондай-ақ осы жолдардың бойында 300-ден астам қызмет көрсету нысаны салынбақ.
Облыстық және аудандық маңызы бар 14 мың шақырым күре жолды жөндеу де күн тәртібінде тұр.
Бұл жайында Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен штаб отырысында айтылды.
Премьер-Министр жолдарды жобалау және салу, сондай-ақ оларды күтіп ұстау мәселелерін кешенді түрде шешу қажеттігін атап өтті. Ол үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Көлік министрлігі арнайы қайта құрылып отыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Жолдауда Мемлекет басшысы елдегі жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтты. Халықтан қаншама арыз-шағым келіп жатыр. Қарапайым адам үшін жолдың республикалық немесе облыстық болғаны маңызды емес. Бұқараға өзінің жүріп-тұратын аймағында, үйінің маңайында, ауылында жақсы жол болғаны керек. Қазір құрылыс маусымы аяқталып келеді, ал біз бюджет қаржысының толықтай игерілмегенін көріп отырмыз. Осы айда барлық жұмысты ширатуды тапсырамын және көктемде қар ерігенде жол да бірге еріп кетпейтіндей сапалы болсын.