Кәсіпкер болсам деген жанға қолдау көп

Павлодар облысында кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында кемінде 324 жоба қолдау табады.

Шағын және орта бизнесті дамытуға 14 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбек.

Сала мамандарының айтуынша, бұл – бұрын-соңды тіркелмеген көрсеткіш. Мемлекет қолдауының көмегімен ашылатын жаңа кәсіпорындар саны артып отыр. Жеке кәсібін дөңгелеткісі келетін азаматтар үшін қайтарымсыз гранттар ретінде бюджеттен 82 млн теңге жұмсалмақ.

Осы күнге дейін 132 жоба қабылданып, қатаң іріктеуден өткен. Комиссия мүшелері экономикалық тиімділігі зор ең үздік 20-ға жуық бизнес-идеяны қабылдады. Олардың барлығы сәтті жүзеге асырылса, жаңа 50 жұмыс орны құрылмақ.

Өндірістік инфрақұрылымды дамыту жобалары да басты назарда. Қазіргі уақытта 6 ірі жоба қолға алынып, 200-ге жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

Сағыныш Нұрқымбаев, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Гранттық жобалардың инновациялық тиімділігіне сараптама жасаймыз. Кәсіпкер инновациялық және сұранысқа ие өнім шығарса, іріктеуден өте алады. Жаңа жұмыс орындарын құру да аса маңызды. Яғни, бірінші кезекті ішкі нарықтың сұранысын өтеуі қажет.