Ел экономикасы 8 айда 4,9%-ға өсті

Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің қаңтар-тамыз айларында атқарылуы қаралды.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлім еткендей, есепті кезеңде Қазақстан экономикасы 4,9%-ға өсті. Атап айтқанда, нақты сектордағы өсім 4,4%-ды, қызмет көрсету саласында – 4,8%-ды құрады. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалады, құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс ең жоғары өсуді көрсетті.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,2%-ды құрады. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 49%-ға, білім беруде – 31,9%-ға, саудада – 30,1%-ға, ауыл шаруашылығында – 20,7%-ға, өнеркәсіпте – 8,5%-ға өсті.

Қаңтар-шілдеде республиканың сыртқы сауда айналымы 5,7%-ға өсіп, $79,5 млрд-ты құрады. Экспорт $44,8 млрд-қа жетті, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – $14,2 млрд-қа, ал импорт – $34,7 млрд-қа, жалпы алғанда, оң сауда балансы $10 млрд-қа тең.

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың деректері бойынша есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 12,5 трлн теңге кіріс түсті немесе жоспар 97,2%-ға орындалды. Мәселен, республикалық бюджет 8,3 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 4,2 трлн теңгеге толықты. Мемлекеттік бюджет шығыстары 98,6%-ға, республикалық шығыстар – 99,3%-ға, жергілікті шығыстар – 98,3%-ға орындалды.

Премьер-Министр тұрақты экономикалық өсімге нақты сектор айтарлықтай үлес қосып отырғанын атап өтті. Мысалы, тау-кен өнеркәсібі мұнай өндіру көлемінің 6%-дан және табиғи газ өндірудің 3%-дан астам өсуі есебінен 4,3%-ға көтерілді.

Өңдеу өнеркәсібінде 3%-дан жоғары өсім тіркелді. Атап айтқанда, машина жасауда 28%-дан, оның ішінде автомобиль жасау саласында 42%-дан астам орнықты өсім қалыптасты.

Сонымен қатар өңдеу секторында жеңіл өнеркәсіп – шамамен 20%, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару – 7%-дан астам, дайын металл бұйымдары – 6%-дан жоғары, азық-түлік өнімдері – 4% және химия өнеркәсібі – 3%-дан астам жоғары өсу қарқынын көрсетті.

Үкімет басшысы құрылыс секторында 11,4% тұрақты өсім қамтамасыз етілгенін айтты. Жалпы 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

8 айдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында барлық негізгі көрсеткіштердің өсімі тіркелді.

Қалған өңірлер нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуі тиіс, - деді Премьер-Министр.

Қабылданған шаралардың арқасында тамыз айының қорытындысы бойынша инфляция 13,1%-ға дейін төмендеді. Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және тамақ өндірісін ынталандыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруы тапсырылды.

Мемлекет басшысы Жолдауда еліміздің экономикалық өсімін орта мерзімді кезеңде 6-7% деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл – Үкімет пен әкімдіктер үшін маңызды міндет. Осы ретте, барлығымызға экономиканың негізгі бағыттарында және өңірлерде тиісті өсімді көрсету үшін тиімді шаралар қабылдауымыз керек, - деді Әлихан Смайылов.