Жер қойнауына қатысты заң жобасы мақұлданды
Елде геологиялық барлау жұмысы жеңілдейді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алдағы 5 жылда өндірілетін мұнай көлемі ұлғаяды. Фабрика, зауыттар салынады.
Мәжілістің жалпы отырысында «Жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сонымен бұл құжаттың ерекшелігі қандай? Берері не?
Елде ұзақ уақыт бойы маңызды геологиялық жаңалық болмады. Бүгінде біздегі кен орындарының 80%-і сарқылған. Дені 1960-шы жылдары ашылған. Сондықтан салаға серпін беру үшін жаңа құжат керек болды. Заң жобасы әзірленіп, бүгін Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды.
Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұрғылау кезіндегі, іздеу кезіндегі бюрократиялық кемшіліктеріміз бар. Соны жоюға тырыстық. Мысал келтірейін, мемлекеттік сараптаманы 10-12 айға дейін қысқарттық. Бұрын 3 жылға дейін созатын. Шамамен 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп болжап отыр бәрі.
Құжаттың тағы бір игілігі, жер қойнауын пайдаланушыға барлау кезінде келешегі жоқ ұңғыманы бұрғылаудан бас тарту құқығы беріледі. Мұны мұнай өндіруші ұйымдар қауымдастығының басшысы айтты. Яғни, алдағы уақытта қазба байлықты игерушілер артық айыппұлдан босатылады.
Саятбек Боранбеков, Жеке мұнай өндіруші ұйымдар қауымдастығының басшысы:
- Ең бастысы, жер қойнауын пайдаланушылар қазба қоры жоқ ұңғымаларды бұрғылаудан бас тарту құқығына ие болады, яғни айыппұлдан құтылады. Бұл да – үлкен жеңілдік. Өйткені әр жер қойнауын пайдаланушы бір ұңғыманы бұрғылауға, әртүрлі көрсеткіштерге байланысты 500 мың доллардан 5 миллион долларға дейін шығындалады. Яғни, олар тәуекелге барады, бұрғылайды. Егер ұңғыма бос болса, бұрын жазаға тартылатын, қазір заң жобасында әлгі бизнес өкілдерін сол айыппұлдан босату қарастырылған.
Сарапшы Дастан Солтыбеков болса жаңа заң жобасы мұнай көлемін ұлғайтуға ықпал етеді дейді. Әрі компанияларды қолдау да күшейе түспек. Әйтпесе, кедергі аз емес еді.
Дастан Солтыбеков, барлау жұмыстары бойынша сарапшы:
- Мұнай өндіруші компания жаңа учаскеге келген кезде, барлауда әсіресе көптеген проблемамен жалғыз қалып қояды. Сондықтан мемлекет жағынан өзгерістер болса, біздің өзгерістер бойынша онда ҚР 5-10 жылдың ішінде қазба байлықтары ұлғаяды деген сенімдемін. Одан кейін жұмыс орындары ашылады. Фабрика, зауыттар ашылады, сол мұнай өндіру компаниясының айналасында.
Сарапшының сөзін сабақтай түссек, егемендік алғаннан бері елде 1 млрд 900 млн тонна мұнай өндірілді. Бірақ биыл қара алтын көлемі сәл де болса азаймақ.
Асхат Хасенов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- 2022 жылдың аяғында жоспарымыз 90,5 млн тоннаны құраған. Қазіргі таңда біз шамалы бізде деңгей 8 айдың қорытындысы бойынша әлі жетпей жатырмыз. Бірақ жылдың соңына қарай біз сол көрсеткішке жетуге тырысамыз. 89 млн тонна болуы мүмкін. Бізде қазір үлкен жобалар бойынша арнайы техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олар тез арада бітсе, сол кезде мұнай көлемін арттырады.
Мамандар заң жобасы қабылданса, бұл минералды ресурстық базаны ұлғайтуға да ықпал етеді дейді. Әрі осы салаға жылына 200 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік туады. Тиісінше жаңа кен орындары барланады.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Азамат Саметов, Асхат Қарақойшиев, Руслан Әлиев.