Қазақстан-АҚШ сауда-экономикалық байланысы нығая түсті
Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық байланыс қарқынын жоғалтқан жоқ.
Биыл жарты жылда екі елдің алыс-берісі 30 процентке өсіп, 1,8 миллиард долларға жетті.
Бұл туралы біздің Вашингтондағы меншікті тілшімізге сұхбат берген елші Ержан Ашықбаев айтты.
Пандемиядан соң Қазақстан мен АҚШ арасында алыс-беріс жанданды. Былтыр БҰҰ Бас Ассамблеясына келген кезде президент АҚШ-тың 50-ге жуық компания өкілдерінің қатысуымен кездесу өткізді. Нәтижесінде еліміздің IT саладағы экспорты жарты млрдқа жетті. Қазақстанда америкалық капиталмен 607 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бір жыл ішінде компания саны 8,4% өскен.
Ержан Ашықбаев, ҚР АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Релокация үрдісі аясында Microsoft, InDrive сияқты ірі-ірі компаниялар өзінің аймақтық офистерін, орталықтарын Қазақстанға көшірді. Бұнің бәрі, сайып келгенде, IT саласындағы қызметтердің экспортына өз үлесін қосып отыр.
Биылғы І тоқсанының қорытындысы бойынша АҚШ Қазақстан экономикасына инвестиция салған ең ірі екінші инвестор. Қазір мұнай-газдан бөлек, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен, фармацевтика, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда бірлескен жобаларға қызығушылық танытып отыр. Әсіресе сирек кездесетін минералдар тасымалдауға мүдделі. Осы бағытта Транскаспий, «Орта дәліз» инфрақұрылымын дамытуға басымдық бергісі келеді.
Ержан Ашықбаев, ҚР АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Азық-түлік өнімдерін шығару, машина жасау өндірісі болсын сүбелі жобаларымыз бар. Олардың да таяудағы сапар аясында таныстырылымын жасап өтеміз деген ойымыз бар.
Биыл БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына келетін президенттің сапары барысында бірқатар маңызды кездесу жоспарланған. Сондықтан бұл көрсеткіштерді одан әрі арттыруға мүмкіндік бар.
Былтыр Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда байланысы 3.05 миллиардқа жетті. Ал елімізге салынған инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 82 процентке артып, 5,1 млрд долларға жеткен.
Нұрбек Бекен, «Хабар-24», Вашингтон.