Экология әлде экономика. Елде электр көлік көбейді
Елдегі электрлі көліктердің саны 3,5 мыңға жуықтады.
Мәселен, бұрын жылына шамамен 50 көлік жеткізілген болса, қазір айына 500 темір тұлпар әкелінеді. Сарапшылардың айтуынша, тоқпен жүретін техниканың саны ресми статистикадағы көрсеткіштен әлдеқайда көп. Өйткені жүргізушілерді электрокардың экологиялық тазалығы, тартымды дизайны және салықтан босатылуы қызықтырып отыр.
Соңғы аталған жеңілдік бойынша 15 мың көлікке квота қарастырылған.
Алматылық Елдос Биғалиевтің бір емес, бірнеше автокөлігі бар. Жеке автосалонында темір тұлпар сатумен айналысады. Соңғы уақытта электрлі көліктерге сұраныс артқан соң, Қытайдан электрокарлар әкеле бастады. Ол жақтан Қазақстанға жеткізуге шамамен 1 ай уақыт кетеді. Тұрақты тұтынушылары бұдан да ұзақ мерзім күтуге дайын.
Елдос Биғалиев, автосалон иесі:
- Алматыдан Шымкент жаққа қарай барсаңыз, жете алмайсыз. Өйткені Қазақстанда инфрақұрылым, яғни қуаттау станциялары қойылмаған. Сондай болғанда 300-400 км жүріп, жол шетіне жетіп, зарядка жасап ары қарай жетуге болады. Қаланың ішінде зарядкалар бар Алматыда. 200-ден астам станция қойылған.
Шымбұлақ сияқты демалыс орындарына электрлі көлікпен кіруге рұқсат. Өйткені ауаны ластамайды. Алматылықтар арасында сұраныстың көптігін осымен де түсіндіруге болады.
Құны 40 мың долларға тең ақылды көлікті дауыспен басқаруға болады.
Эдуард Эдоков, тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы:
- Электромобильдерге арналған инфрақұрылым қажет. Әр қалада қуаттау орталықтары болуы керек. Сонда ғана, тоқпен жүретін көліктердің саны біршама артады. Екіншіден, қуаттау станцияларын орнатуды реттейтін кейбір заңнамалық актілерді жаңғырту керек. Осындай көлік иелеріне берілетін жеңілдіктерді көбейтсе игі.
Ал экологтар не дейді? Олардың сөзіне сүйенсек, электрлі көліктердің өмірлік циклі әр түрлі. Техниканы қолдану кезінде ауаны ластамағанымен, өнімді шығару және жою процесінің экологиялық тазалығына қатысты сұрақ көп.
Гүлжан Тұрсынова, эколог:
- Сол металл, сол шыны, сол пластик. Көліктерді жасауға кететін шығындар басқа көліктерді жасауға кететін шығынмен бірдей. Бұл бірінші жағы. Екіншіден көліктің отыны. Оның отыны – электр қуаты. Электр қуатын біз энерго орталықтарынан аламыз.
Эколог маманның айтуынша, ластанатын ауаның тек локациясы өзгереді. Мәселен, көшелерінде электромобилі көп қаланың ауасы таза болғанымен, электр қуатын немесе аккумулятор өндіруші зауыттар орналасқан аймақ ластана түседі. Көміртек диоксиді бөлінуі ықтимал.
Гүлжан Тұрсынова, эколог:
- Электромобильдерді көбейтеміз десек, энерго орталықтарда да жүктемені көбейту керек. Газ, көмір сияқты отынды көбейту дегенді білдіреді. Сәйкесінше ауаға шығатын зиянды заттар көбейеді.
Бірақ нарықтық заманда тұтынушы экологиялық артықшылықтан бұрын, экономикалық тиімділікті ойлайтыны түсінікті. Мәселен, 100 киловатт батареяны тоқпен қуаттауға шамамен 2,5 мың теңге жұмсалады. Қазіргі бензин қымбатшылығын ескерсек, бұл ақша жанармай багын толтыруға жетпейтіні сөзсіз.
Мирлан Алтынбек, Руслан Алиев, «Хабар-24».