Отандық күріштің тұқымы көбейтілді
Биыл Қызылорда облысында 193 мың гектар егін егілді.
Оның 89 мың гектары аймақтың басты дақылы - күріштің үлесінде. Отандық күріш сорттарының тұқымын көбейту шаралары қалай жүріп жатыр? Нәтиже бар ма? Биылғы өнім шығымы қалай?
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Биыл Қызылорда қаласының аумағында 9 мың гектардай егін егілді. Оның ішінде 4 мың гектардан астам күріш дақылы күтімге алынған. Біз қазір «Қазақ күріш шаруашылығын зерттеу институтының» өндірістік алқабында тұрмыз. Мұнда егін ору науқаны салтанатты жағдайда басталды.
Соңғы жылдары қызылордалық ғалымдар бірнеше отандық күріш сортын шығарды. Соның бірі Сыр сұлуы деп аталады. Ерте пісетін бұл сұрып суды үнемдеуге қолайлы, ал өнімділігі шетелдік сорттардан асып түседі. Қазір өңірдегі жалпы күріш егісінің 3 пайызын отандық сорттар алмастырған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті еселеп арттыру жоспарда бар. Сондықтан сапасы жоғары сорттар қатарына күріштің Айсара тұқымы да қосылды. Бұл дақыл түрі елеміздің күріш тұқымы шаруашылығындағы бұрын-соңды болмаған жаңалық, дейді мамандар. Мұндай сұрыптар тропикалық және супропикалық аймақтарда ғана өседі. Сыр өңірі секілді күрт континентальды өлкелерде тамыр байламайды екен. Дегенмен, 17 жыл бойы ізденген қызылордалық ғалымдар сапасы биік отандық сұрыпты өмірге әкеліп отыр. Мұндай күріш түрі жергілікті тұқымдармен салыстырғанда халықаралық нарықта 4 есе қымбат. Суармалы суды да аз қажет етеді. Отандық күріш сұрыптарының тағы қандай ерекшелігі бар?
Құрманбек Бәкірұлы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы:
- Биыл мамандар егін алқаптарынан 250 тоннадай Айсара сортының тұқымын жинап алуды жоспарлап отыр. Осылайша келесі жылдан бастап өндіріске енгізбек. Тауарлық құндылығы жоғары болғандықтан болашақта шетелден де сұраныс артуы мүмкін деп болжайды ғалымдар. Айта кетейн, облыс бойынша егін жинау науқанын 10 қазанда аяқтау межеленген.