Еңбек ер атандырады
Жезқазғандық жас металлург Еркебұлан Алиакпаровтың кәсіби жолы қазірдің өзінде көпке үлгі.
Жастар жаппай жеңіл-желпі кәсіпке талпынып жатқанда ол қарапайым жұмысшы мамандығын таңдаған.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек. Еркебұланның әкесі Мұқамбетқали мыс қорыту зауытында 40 жыл бойы еңбек етті. Әке жолын жалғаған ұл жұмыстың қиындығын біле тұра металлургияны таңдады. Қатардағы шойын құюшыдан бастап ауыр еңбектің түрлі сатысынан өтті. Қазір құю-механикалық зауытының бас металлургы.
Еркебұлан Алиакпаров, металлург:
- Қазақта сөз бар ғой, «жігіт болсаң от бол, от болмасаң шоқ бол, шоқ болмасаң жоқ бол» деген. От, шоқ деген сөздер осы металлургияға қатысы бар деп ойлаймын. Сондықтан, ер адам болғаннан кейін еңбектен қашпау керек. Біз көп уақытта сырт жақта жүріп, нәпақа тауып, өзімізге ұнайтын іспен айналысу ең үлкен бақыт деп ойлаймын.
Еркебұлан бастаған жұмысшылардың міндеті – өндіріс техникаларына қажет қосалқы бөлшектер құю. Түскен тапсырыстың жылдам, әрі сапалы орындалуына бас металлург тікелей жауапты. Сондықтан оның пішімі, формасы мен металл құрамының сәйкес болуын Еркебұлан үнемі бақылап отырады.
Еркебұлан Алиакпаров, металлург:
- Нюанс сәттер болған кезде соларды жеңу арқылы бір жан рақатын аласың. Мынау ақ каска киіп, осындай өндірісті басқарып жүргеніміз сондай ситуацияларда шешім тауып кеткеніміздің арқасында ғой. Ал былай өзінің ағымымен жүре беретін болса өндіріс, онда ешқандай даму болмайды. Мықты адамдарды қиын сәттер тудырады ғой.
Жас та болса, кәсібіне адалдық танытып үлкен жауапкершілікпен қараған Еркебұланның жұмысқа деген құлшынысына ұжымдастары тамсанады. Оның еңбексүйгіштігіне сүйсінген зауыт басшылығы кейінгі жастарға үнемі үлгі етеді.
Асқар Құлмағанбетов, зауыттың кәсіподақ ұйымының төрағасы:
- Мұнда құйылатын металл болсын, шойын болсын, түсті металлдардың құрамы болсын соның бәріне жауап беретін осы Еркебұлан. Бас металлург болып істегеннің өзінде біздің ұжым басшысының тапсырған жұмысын тиянақты да өте сапалы істеп жатыр.
«Адал еңбектің арқасында кез келген мақсатқа қол жеткізуге болады», дейді Еркебұлан. Ол жақында Жезқазғанның ең үздік жас металлургі атанды. Ал үздіктерге артылар үміт көп. Сондықтан биылдан бастап зауытта қолға алынған жаңғырту жұмыстары Еркебұлан сияқты еңбек озаттарына жүктеліп отыр.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева