«Белдеу және жол» бастамасы: Қазақстан Қытаймен бірлесіп, 52 жобаны жүзеге асырды
«Белдеу және жол» бастамасы аясында Қазақстан мен Қытай 52 жобаны бірлесе жүзеге асырды.
Жобалардың жалпы құны 21 млрд АҚШ долларын еңсерді. Бұл туралы Елордада өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Аталған конференция бастаманың он жылдығына арналды. 2013 жылы Астанаға келген Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин бастама жайлы алғаш рет айтқан еді. Он жыл ішінде бастамаға 152 мемлекет пен 32 халықаралық ұйым қатысты. Қытай қазіргі таңда Қазақстан экономикасына инвестиция құю бойынша үздік бестікке кіреді. Соңғы 17 жылда тартылған қаржы көлемі 23 млрд АҚШ долларынан асты. Сондай-ақ конференцияда Азия-Еуропа құрлық-теңіз дәліздерін ғылыми-зерттеу институтының лентасы қиылды. Институт Астана халықаралық университетінің Ляньюньган мэриясы, Цинхуа университеті және тағы бірқатар халықаралық зерттеу орталықтарымен арнайы келісімі аясында ашылды.
Қазбек Майгельдинов, Қытайды зерттеушілер ассоциациясының төрағасы:
- Қазіргі таңда Қытайдың беретін ұсынысы, әсіресе мынау Еуропаға шығаратын тауарларының үлесі артып отырғаннан кейін біз жаңа бағыттарды ашуға мүдделі болып отырмыз. Алғашында транспорттық дәлізде біз транзитті потенциалымызды пайдалануға басты мақсат қойғанбыз. Ал енді біз тек ғана транспорттық потенциал емес, біз транспорттық хабқа айналуымыз керек. Ал транспорттық хабқа айналу үшін міндетті түрде бізге жан-жақты инфроқұрылымдық жобаларды жүзеге асыру керек.