Қарқаралыда туризмді дамытудың бас жоспары бекітілді

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында туризмді дамытудың бас жоспары бекітілді.

Енді сол құжаттың негізінде әлеуетті инвесторларға ұлттық табиғи парк аумағынан жер учаскелері беріле бастайды. Ал әзірге ауданда 37 демалыс орны бар. Бірақ бұл жеткіліксіз. Себебі тарихи терең, табиғаты көркем киелі мекенге келетін туристер саны жыл санап көбейіп келеді, дейді мамандар. Қазірдің өзінде мұнда бірнеше жоба қолға алынған.  

«Жас дәурен» деп аталатын мына көрікті жер кезінде лагерь болған. Кейін қараусыз қалып, үйлердің тоз-тозы шығады. Жас кәсіпкер Ырысты Есімова 8 үйді сатып алып, толық жөндеп шыққан. Қазір бұл жер туристердің сүйікті орнына айналды. Тек жаздың үш айында мыңға тарта адам келіпті.  

Ырысты Есімова, кәсіпкер:

- Выходнойлар болғанда, суббота, воскресенье болғанда полный үйлер, будний күндері жұмыста ғой бәрі, кішкене аздау болады адам. А так көп кісі келеді. Бәріне ұнайды. Бір рет келген адам басқа жерге барғысы келмейді. Табиғаты өйткені тамаша.    

Қарқаралының іргесіндегі мына шағын көлдің суы кейінгі жылдары тартылып, тұрғындар алаңдай бастаған. Биыл жергілікті бюджеттен 430 миллион теңге бөлініп, абаттандыру жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін құрылысы аяқталып, алдағы жазда жағажай ел игілігіне берілмек. 

Дархан Дәуренбеков, мердігер:

- Бұл жерде енді келген қонақтарға, ауыл тұрғындарына демалатын орын болады. Мына жерде беседкалар бар, катамаран қоятын станциясы болады. Пляжный зона, шомылатын жер. Шлюз істемейді. Сол шлюзді істейміз. Өйткені су тұрмайды бұл жерде. Су ағып кете береді. Енді қазір жұмыс 60-70 пайыздай тәмамдалып қалды. 

Қазір Қарқаралы өңірінде барлығы 37 демалыс орны бар. Оған бір мезгілде 3 мың адам тоқтай алады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Себебі жыл сайын таулы өлкеге тынығуға келетін туристер саны 30 мыңға жеткен. Мамандардың айтуынша, демалыс үйлерін салғысы келетін инвесторлар бар. Алайда жер учаскелерін беруге тыйым салынып келді. Енді ғана бас жоспар бекіп, бұл жұмыс бір жүйеге түскен.    

Ерлан Құсайын, Қарқаралы ауданының әкімі:

- Біз осы ұлттық табиғи паркпен, экология министрлігімен бірлесе отырып туризмді дамытудың бас жоспарын әзірледік. Ол жоспарға сәйкес 20 участок анықталды. Қазір бұл учаскелерді әлеуетті инвесторларға берудің ережесіне өзгеріс енгізіліп жатыр. Өзгеріс енгізілген соң пайдалануға беріледі. Бұл да туризмді дамытуға үлкен ықпал тигізетін дүние бола ма деп ойлаймыз.   

Туризмді дамытудың тағы бір тетігі – инфрақұрылымды жақсарту. Биыл Қарқаралыға баратын жолдың 40 шақырымы жөнделген. Келер жылы қалған 30 шақырымын жаңартылады. 

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар