Қазақстан мен Өзбекстан бірін бірі аграрлық өніммен қамтамасыз етеді
Қазақстан мен Өзбекстан алдағы күз және қыс айларында бірін-бірі аграрлық өніммен қамтамасыз етеді.
Тараптар ауыл шаруашылығы саласына ауыртпалық артқан тұста күш біріктіріп, бағаның өсуіне жол бермейді. Ташкентте кездескен екі елдің сауда министрлері тиісті келіссөз жүргізді. Әрі транзиттік және логистикалық кедергілерді болдырмау жайын талқылады. Екі елдің тауар айналымы былтыр 5 млрд долларға жуықтаған еді. Көрсеткішті көп ұзамай екі еселеу көзделіп отыр. Өзбекстандық бизнес осы күні еліміздегі жеңіл өнеркәсіпті өрістетуге атсалысып жатыр. Оның нәтижесінде Түркістанда толыққанды тоқыма кластері құрылуға тиіс. Ал Қазақстанның қатысуымен Ташкент және оның іргесінде бірқатар құрылыс жобасы қолға алынды. Мәселен, «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізіндегі жаңа мультимодальды терминалды салуға елімізге тиесілі компания 300 млн доллар инвестиция құйды.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Талқылау барысында бірлескен жобаларды тежеп тұрған мәселелерді шешетін болып келістік. Осы іспен жаңадан құрылатын жобалық кеңсе айналысады. Аграрлық сала, химия және энергетика саласын қамтитын сауда айналымына еш кедергі жасалмайды. Жобалық кеңсе апта сайын алыс-беріс қарқынын қадағалап отырады. Көлік саласындағы тариф саясатына қатысты да өз ұсыныстарымызды жеткіздік. Осы бағытта жұмысты жалғастыратын боламыз.