Ақтау теңіз сауда портының мәртебесі өзгерді
Ақтау теңіз сауда портының мәртебесі өзгерді.
Араға 5 жыл салып елдің басты су айлағы халықаралық деңгейдегі порттар тізіміне қайта қосылды. Премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойған құжат 21 қыркүйекте күшіне енді. Есіңізге сала кетсек, Ақтау портының жаһандық мәртебесі 2018 жылы алынып тасталды. Стратегиялық нысанды жекешелендіруге қойылған шектеулерді жою үшін Үкімет осындай шешім қабылдады. Ал биыл мемлекет басшысы теңіз флотын күшейтіп, контейнерлік хаб құруды тапсырды. Бұл өз кезегінде теңіз арқылы өтетін жүк тасымалы көлемінің артуына мүмкіндік береді. Инвестор жоба құны нақтыланған соң белгілі болады. Қазір араб, неміс, үнді және сингапурлық компания, қызығушылық танытып отыр.
Қайрат Қалиолла, Ақтау теңіз сауда порты көлік-логистика бөлімінің бас менеджері:
- Мәртебесі өзгерген Ақтау порты енді жекешелендіруге жатпайды. Яғни толық мемлекеттің басқаруында болады. Су айлағын дамыту мақсатында контейнерлік хаб құрылысын 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Қазір оның техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталып жатыр. Құжат келер жылдың екінші тоқсанында дайын болады.