Түркістан облысында уран өңдейтін зауыт салынады
Зауытты Созақ ауданында кен өндірісімен айналысатын қазақ-француз бірлескен кәсіпорыны жүзеге асырады.
«Оңтүстік Төртқұдық» деп аталатын жаңа зауыттың инвестициялық құны 180 млн долларға жетеді. Онда жаңа инфрақұрылым жүйелері тартылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Кәсіпорын алдағы 15 жылға жоспар жасап, жобаларын жаңғыртуды көздейді. Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жер қойнауын пайдалану саласын жаңғыртуға баса назар аударды. Үкіметке индустрия және жер қойнауын игерудің инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырды. Ол үшін ең алдымен заңнаманы және құжат рәсімдеуді барынша жеңілдетуді жүктеген еді.
Паскаль Бастьен, инвестор:
- Қазір кәсіпорында 1200 адам еңбек етеді. Соның 54%-ы Созақ ауданының тұрғындары болса, 20%-ы Түркістан облысының азаматтары. Еңбек өтілі мен атқаратын жұмысына қарай еңбекақыларын алады. Орташа жалақы 500 мың теңге көлемінде. Біз өзімізге жүктелген барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындап келеміз.