Ақтауда іскер әйелдер конгресіне 400-ден астам кәсіпкер қатысты
Ақтауда «Asmar» - бірлік дәстүрлері» атауымен іскер әйелдердің халықаралық конгресі өтті.
Оған Германия, Әзербайжан, Қырғызстан және еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ден аса кәсіпкер қатысты. Шетелден келген делегация мүшелері елде бизнесті дамыту бойынша ой-пікірін айтып, қаржылай қолдауға ниет білдірді. Шара аясында "Алтын оймақ" және «Бір ауыл - бір өнім» ұлттық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.
Халықаралық маңызға ие шара бұған дейін Астанада өтіп келді. Бұл жолы Маңғыстау өңірінде ұйымдастырылуы кездейсоқ емес. Аймақта 70 мыңнан аса бизнес субъектісі бар. Соның 47%-ін әйелдер басқарады.
Ләззат Рамазанова, "Asmar" Қазақстан кәсіпкер әйелдерінің ұлттық қауымдастығы" төралқасының төрағасы:
- Ортақ мақсат - шағын және микробизнесте жүрген қыз-келіншектердің орта, үлкен бизнеске өсіру. Жаңа инструменттерді іске қосу. Ең біріншіден, қаржылай қолдау. Сонымен қатар, ішкі бизнестің менеджментін жаңа деңгейге шығару. Осының барлығын мемлекеттік қолдаудың жаңа көздерін дамыту деп айтамыз.
Қазақстандық іскер әйелдер шетелде зор қызығушылық тудырған бірнеше жобаны жүзеге асырды. Соның бірі - «Алтын оймақ» байқауы. Оның мақсаты - отандық дизайн мен тігіншілікті таңдаған кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге негізделген. Ал «Бір ауыл - бір өнім» жобасы жұмыссыз қыз-келіншектің жүн өнімінен бұйым жасап, экспортқа шығаруы арқылы сол ауылдың атауын бренд ретінде қалыптастыруды көздейді. Іскер әйелдерді елдің ірі кәсіпорындары қолдауға дайын. Соның бірі «Қазмырыш» компаниясы.
Андрей Лазарев, "Қазмырыш" компаниясының атқарушы директоры:
- Конгресс мұнайшылар қаласында өтіп жатыр. Біздің кәсіпорын ұжымының төрттен бірі қыз-келіншектерден құралған. Бұрыннан келе жатқан және жаңа жеткізушілер қатарында жүздеген іскер әйел бар. Олар өндіріс орнында тұрақты, әрі тиімді жұмысты қамтамасыз етуге атсалысып келеді. Кәсіпкерлер ұсынатын әлеуметтік бастамалар ерекше назарда.
Конгресс аясында «Аsmar» Қазақстан кәсіпкер әйелдерінің ұлттық қауымдастығы, ұлттық экономика министрлігі, аймақ әкімдігі және Қазақстан жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев