Атырауда баға бақылауда болады
Атырауда сауда нүктелерінің картасы дайындалады.
Сол арқылы баға бақылауда болады. Бүгін Атырау өңіріне жұмыс сапарымен барған Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев осылай деді. Қазір азық-түлік бағасына қатысты шағым көп. Мәселені реттеу үшін осындай бастама қолға алынбақ. Облыс кәсіпкерлерімен кездескен министр саладағы өзекті мәселелерді талқылап, жиынға қатысушылардың өтініш-тілектерін тыңдады. Сонымен қатар Министрліктің атқарған жұмысы мен алдағы жоспарын баяндады. Арман Шаққалиевтің айтуынша 2027 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемі 46,5 млрд долларға дейін жетеді, деген жоспар бар. Сондай-ақ сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 5 шекарааралық хаб құрылады. Қазір тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі жиі талқыланып жүр. Енді олардың құқығын бұзған кәсіпкерге айыппұл салу туралы заң жобасы әзірленеді.
Арман Шаққалиев, Сауда және интеграция министрі:
- Қазір бизнесмендердің құқықтары өте мықты қорғалады. Өте тиімді, түсінікті модель бар. Ал тұтынушылар, олар кей кезде құқықсыз қалады. Мысалы, сіз сатып аласыз техника болсын, басқа нәрсе болсын. Ол бұзылатын болса сізге оны жөндеп бермейді, не бағасын қайтармайды. Сол үшін мынадай заң керек.