«Өзенмұнайгаз» мекемесіне қатысты ҚМГ жүргізген тексеріс қорытындысы жарияланды
«Қазмұнайгаз» компаниясының жұмыс тобы сәуір-тамыз аралығында «Өзенмұнайгаз» мекемесі мен мердігер ұйымдарының қаржы-шаруашылық қызметін тексерді.
Соңында 160-қа жуық ұсыныс берілген. Олардың орындалу барысы Жаңаөзенде өткен жиында талқыланды. Еңбек ұжымдарымен кездесуде өндіріс тиімділігін арттырып, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында кешенді бағдарламалар жасақталғаны айтылды.
Арнайы жұмыс тобы «Өзенмұнайгаз» компаниясының қаржы-шаруашылық қызметі, мердігер ұйымдардың жұмысы және ұңғымаларды жерасты жөндеу бағытында тексеру жүргізген. 37 заң бұзушылық бойынша кінәлі тұлғалар жазаланып, біліктілігі талапқа сай келмеген қызметкерлер жұмыстан босатылды. Еңбек ұжымдарымен кездесуден соң түйткілді мәселелерді шешу мақсатында кешенді бағдарламалар жасақтауға шешім қабылданды.
Дәулетжан Хасанов, "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Көп сұрақ туындағаны - негізгі құралдардың тозығы жетуі еді. Соған байланысты кешенді жаңарту бағдарламасы қабылданды. Ол 37 млрдты құрайтын бес жылдық бағдарлама. Соның салдарынан қазіргі кезде тозығы 80 пайызға дейін қалған қондырғыларды 50-60 пайызға дейін жаңарту көзделіп отыр.
Алдағы бес жылда әлеуметтік нысандарды жөндеу, кеңейту немесе салу үшін 15 млрд теңге қаралған. Осы қаржы есебінен 73 өндірістік ғимарат жөнделіп, 13 нысан бой көтермек. Кәсіпорынның жаңа технологияларды қолданысқа енгізу кезінде жіберген қателіктерін жоюға ұсыныс берілді.
Дәулетжан Хасанов, "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің ұсынысымен қазір жаңа пилот жоба бастадық. Екінші НГДУ-дің 9-цехында барлық технологияға сәйкес жұмыстарды жүргізіп, қазір нәтижелерін қарап жатырмыз. Көптеген кемшіліктерді жою басқа да процесстерді жақсарту бойынша 3 цифрлық жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі жасалған актілерге қол қою жобасы.
Тағы бір цифрлық жоба аясында қызметтік көліктерді басқару процестерін бақылаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілмек. Арнайы техника паркін жаңарту да басты назарда. Биыл 41 көлік сатып алынса, келер жылы 78 арнайы техникамен қамтылады. Қазір «Өзенмұнайгаз»-ды тексеру кезінде анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жалғасып жатыр.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев