Германия үшін Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды серіктес саналады
Былтыр арадағы тауар айналымы 90 пайызға артып, 9 милилард еуродан асқан.
Сарапшылар ынтымақтастық әлеуеті одан да зор дейді. Бүгінде бізде неміс капиталы бар 600-ден аса компания жұмыс істейді. Бұл құрылыс, жаңартылатын энергетика, агроөнеркәсіптік кешен секілді саладағы фирмалар. Инвесторлар Қазақстанға зор қызығушылық танытып отыр. Олар машина жасау, логистика секілді салада серіктестік орнатуға ниетті. Шетелдік сарапшылар елімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасқанын айтады. Бизнес жүргізу үшін бар жағдай жасалған дейді. Сондықтан Қазақстанға қаржы құюға ниетті шетелдік фирмалар саны тек арта түсетінін пайымдайды.
Катрина Клаас-Мюльхойзер, "Claas Group" компаниясының басқарма төрағасы:
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу жақсы өтті. Қазақстан табиғи ресурстарға бай ел. Мен бұл жерде мұнай-газ, ауыл шаруашылығынан бөлек білім беру секілді саладағы артықшылықтарды айтып отырмын. Қазақстанда жоғары білікті маман көп. Сонымен қоса сіздерде электр энергиясы да қолжетімді.
Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағының президенті:
- Кооперация, инвестиция тарту, жаңа технологялар секілді сұрақтар талқыланып жатыр. Бұл бағытта біздің әлеуетіміз зор. Автобөлшектер, ауыл шаруашылығы техникасы, энергетикалық жабдық өндірісі бойынша мүмкіндігіміз мол. Болашақта микроэлектроника мен роботтандыру салаларын да дамытуды жоспарлап отырмыз.