Еліміздегі банан өсіретін ең ірі жылыжай кешенін түрік инвесторлары салған
Еліміздегі банан өсіретін ең ірі жылыжай Түркістан облысының Сайрам ауданында орналасқан.
Қайнарбұлақ ауылындағы аумағы 5 гектар болатын жылыжай кешенін түрік инвесторлары салды. Мұнда еліміздің климаттық жағдайына бейімделген банан сорты өседі. Кәсіпкер «жылу мен ылғалдылығы дұрыс болса, тропикалық жеміс аса күтімді қажет етпейді», - дейді. Қыстың күні ауа температурасын 16 градустан төмен түсірмейді. Кәсіпкер алғашқы өнімді 6 айдан кейін жинауды жоспарлап отыр. Жылы-жай жылына, шамамен мың тонна банан алуға мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарық қажеттілігінің 1%-н қамтамасыз етеді. Кешен толық климаттық бақылау мен бейімделгіш қоректендіру жүйесімен жабдықталған. Жоба құны – 4 млн доллар. Кәсіпкералдағы уақытта басқа да тропикалық жеміс түрлерін өсіруді жоспарлап отыр.
Ислам Алиев, инвестор:
- Алдағы уақытта манго, авокадо, ананас сынды жеміс түрлерін өндіруді қолға алмақпыз. Бірақ олар басқа жылыжайға егіледі. Себебі банан мен Манго ылғалдылықты жақсы көрсе, авокадо мен ананас құрғақ ауа райында жақсы өседі. Күтімді де әртүрлі қажет етеді. Оны өсірудің технологиясы мүлдем бөлек. Біз осылайша тропикалық жемістерді Қазақстанда өсіріп, сырттан келетін жемістермен бәсекелес бола аламыз.