Оралдан 101 адам банкрот деп танылды
Батыс Қазақстан облысында қарызы қордаланып қалған 101 азамат банкрот деп танылды.
Тағы 133 адамның қарыз қайтаруға қабілетсіз екендігі туралы арызы мақұлданған. Жалпы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң күшіне енген 3 наурыздан бері , өңір тұрғындарынан 2289 өтініш түскен. Оның екі мыңға жуығы кері қайтарылған. Өйткені борышкерлердің атында мүлкі бар екені немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені, соңғы 6 айда атаулы әлеуметтік көмек алғаны, соңғы 1 жылда банкке немесе микроқаржылық ұйымға несиесін ішінара өтегені анықталған. Бұл акция азаматтардың қарыз қамытынан құтылуына, қаржылық сауаттылығының артуына әсер етеді, - дейді мамандар.
Ержан Қадес, БҚО мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:
- Банкрот деп танылған тұлға 7 жыл ішінде бұл процедураға қайта қатыса алмайды. Яғни екінші рет бакнрот деп танылмайды. Және 5 жылда еш жерден несие ала алмайды. Ал еңбек етуіне, шетелге шығуына ешқандай шектеу жоқ. Жалпы бұл акция азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырады деп ойлаймын. Себебі келесіде қарыз аларда ол тұлғалар өз мүмкіндіктерін жан-жақты саралап, жеті өлшеп, бір кесетін болады.