«Орта Азия – Орталық» газ құбыры іске қосылды
«Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының ашылу салтанаты болып өтті.
Енді жобаның маңызы, ел экономикасына берер пайдасы қандай?
Асланбек Шығыр, тілші:
- Бүгін "Орта Азия – Орталық" магистральды газ құбыры арқылы Ресей газының Өзбекстанға транзиті іске қосылды. Бұл жобаның ел экономикасының дамуына ықпалы зор. Елдің географиялық орналасуы газды көгілдір отынға мұқтаж елдерге тасымалдауға мүмкіндік беріп отыр. Ресей Федерациясының шекарасынан Өзбекстан Республикасының шекарасына дейінгі тасымалдау маршрутының ұзындығы 823 шақырымға тең. Ең жоғары кезеңде газ тасымалдаудың максималды көлемі тәулігіне шамамен 18 млн текше метр болады.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі
Елдің транзиттік әлеуетін пайдалану, бұл қосымша табыс. Транзиттен түскен қаражат Қазақстанның газ инфрақұрылымын жаңғырту үшін пайдаланылуы мүмкін. Атап айтқанда, газ саласының техникалық-материалдық жағдайын жақсартуға, өндірістік қызметкерлердің табысын арттыруға, жаңа газ жобаларына жұмсау жоспарланады. Еліміз үшін бұл үлкен пайда. Ресей газының "Орта Азия - Орталық" газ құбыры арқылы Өзбекстан Республикасына транзиті Қазақстан үшін экономикалық жағынан тиімді. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде салынған газ тасымалдау құбырлары қайта жаңартылды. Бұл өз кезегінде газ саласында жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.