Қазақстанның орналасқан жері газды мұқтаж елдерге тасымалдауға мүмкіндік береді
Бүгін "Орта Азия – Орталық" магистральды газ құбыры іске қосылды.
Осы арқылы Ресей газы Өзбекстанға тасымалданады. Бұл жобаның ел экономикасының дамуына ықпал зор. Елдің географиялық орналасуы көгілдір отынға мұқтаж елдерге газ тасымалдауға мүмкіндік беріп отыр.
Ресей Федерациясының шекарасынан Өзбекстан Республикасының шекарасына дейінгі газ құбырының ұзындығы 823 шақырым. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстары арқылы өтетін көгілдір отын құбыры тәулігіне шамамен 18 млн.текше метр газ жеткізеді деп жоспарланған.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай “Qazaqgaz” компаниясы өзінің газ тасымалдау жүйесі арқылы Ресей газын Өзбекстан Республикасына жеткізу үшін қабылдауды бастады. Алғашқы кезеңде 2,8 млрд текше метр газ тасымалданады. Еліміз арқылы өтетін көгілдір отын желісін толықтай жарақтандыруға мүмкіндік берді.
Елдің транзиттік әлеуетін пайдалану, бұл - қосымша табыс. Одан түскен қаражат Қазақстанның газ инфрақұрылымын жаңғырту үшін пайдаланылады. Атап айтқанда, газ саласының техникалық-материалдық жағдайын жақсартуға, өндірістегі қызметкерлердің табысын арттыруға, жаңа газ жобаларына жұмсалмақ.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Еларалық газ транзиті жұмысын жүзеге асыруда Орталық Азиядағы газ магистралі толық жөндеуден өтті. Компрессорлық станциялар жаңғыртылды. Жаңа өлшеу станциясы салынды.
"Орта Азия - Орталық" магистральды газ құбырымен Ресей газының Өзбекстан Республикасына Қазақстан арқылы тасымалдануы еліміз үшін экономикалық жағынан тиімді. Осының арқасында Кеңес Одағы кезінде салынған газ тасымалдау құбырлары қайта жаңартылды. Инвестиция көлемі артты. Бұл осы салада жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Айбек Байзақов