Павлодар облысында балық өсіру табысты салаға айналды
Павлодар облысында тауарлы балық өсіретін шаруашылық саны 20-дан асты.
Биыл бұл саланы дамытуға жергілікті бюджеттен 40 миллион теңге қаржы бөлінді. Қиындығы мол кәсіпті ертерек бастап, бүгінде нәсібін көріп отырғандар да бар. Баянауылдық Аяпберген Сыздықов балық өсіруді ширек ғасыр бұрын қолға алған.
Зейнеткер Галина Леушинаның балық аулауға қызығушылығы он жыл бұрын пайда болған. Бес келі болатын балық ұстап кәнігі балықшыларды таңқалдырды. Қаланың шуынан шаршағанда бұл таптырмас демалыс - дейді ол.
Галина Леушина, әуесқой балықшы:
- Маған балық аулау өте ұнайды. Шынымды айтсам мен мұнда демалу үшін келемін. Қармағыңа балық ілінген сәттегі әсеріңді сөзбен жеткізу қиын. Бұрын балыққа тек ер адамдар баратын. Ал қазір әуесқой балықшылар арасында қыз-келіншектер өте көп.
Аяпберген Сыздықов ақсақалдың мамандығы агроном. Тоқсаныншы жылдары мал шаруашылығын қолға алған іскер жан кейін бос жатқан көлді игерген. Бұл көл Жарлыкөл - деп аталады. Өзеннен көлге су тарту үшін өз күшімен 3,5 шақырым тоған қазып, кейін балық жіберген.
Аяпберген Сыздықов, кәсіпкер:
- Содан бері 24 жыл өтті балық өсіріп келе жатырмын, шаян өсіріп келе жатырмын. Қазақ айтады ғой өзен жағалағанның өзегі талмайды деп. Сол енді бұл да еңбек, бір жағынан кәсіп бүгінгі күнде. Шаянды 2015 жылы жібергем алғашқыда ол кездерде мынау шаян өлген балықты, өлген құстарды жейді, суды тазартады, көлді тазартады.
Бастапқыда тазалық үшін жіберген шаяндар табыс көзіне айналды. Айтуынша жәндікке сұраныс жоғары әрі балықтан екі есе қымбат.
Әкенің бастаған ісін ұлы жалғастырып жатыр. Кәсіп иелері екі жыл бұрын тауарлы балық шаруашылығы мәртебесіне қол жеткізді. Енді бірыңғай тұқы балығын өсіруге көшпекші.
Дәуіт Серіков, кәсіпкер:
- Қазір мына алабұға карасьтарды аулап толықтай азайту, сосын осы тұқы балықтарын сырттан әкеп көлге жіберіп көбейту. Қыста жаңағы ауа жіберіп, жазда броконьерлерден қарап, құстардан қарап және де осы балықтарды аулап нарыққа, халыққа сатамыз. Бізде енді жоспар бойынша биыл 3 тонна балық шығардық.
Әуесқой балықшылар жан-жақтан келеді. Бұл да туризмнің бір бағыты. Ал Баянауыл ауданындағы Бораншоқы көлін кәсіпкер Ерқанат Ахметов екі жыл бұрын жалға алған.
Ерқанат Ахметов, кәсіпкер:
- Бұл көлде карп, карась, белый амур толстолоб осы төрт түрліні өсіріп жатырмыз қазір. Биылғы жоспарда міне 1,5 тонна тұр, оны міне орындап жатырмыз. Былтыр 22-ші жылы 52 мың карп жібердім. Толстолоб жібердім, сосын белый амур жібердім енді келешекте осыны көбейтуге сол жұмыс істеп жатырмыз.
Бір ерекшелігі, табиғи су қоймаларында балықтың қорегі көп. Сондықтан кәсіпкерлер жемге көп шығынданбайды. Ал тұқым алуға мемлекеттен қолдау болды.
Самал Темірболатова, облыстық балық инспекциясының бөлім басшысы:
- Қолдау субсидия түрінде көрсетіледі. Жемге, шабақтарды сатып алуға және биологиялық негіздемелерге кеткен қаржы мөлшерінің 50 проценті қайтарылады. Субсидияларға келіп түскен өтінімдерді Қоршаған орта, су ресурстары және жер қойнауын пайдалану басқармасы қарайды. Бүгінгі күні 1,7 миллион сомаға төрт өтінім түсті. Ағымдағы жылға жергілікті бюджеттен 39 миллион теңгеден аса қаржы бөлінген.
Облыс көлемінде балықты табиғи су қоймаларында өсіретін 20-дан астам тауарлы балық шаруашылығы бар. Жуырда су маржандарын торда өсіретін тағы тағы бір кешен іске қосылады. Биыл жоспарға сай нарыққа 200 тонна балық шығару межесі тұр.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев