9 қазан Пошта күні
Биыл «Қазпошта» мекемесінің құрылғанына 30 жыл толды.
Ел мен елді, қала мен ауылды байланыстыратын пошта қызметінің сапалы болуы аса маңызды. Бұл салада өз міндетін мінсіз атқарып жатқан қарапайым жандар аз емес. Соның бірі Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылының тұрғыны Ольга Ділдебаева. Мамандығын жақсы көретін ол газет-журналдар мен пошта телеграммаларын электромопедпен тасиды.
Ольга Ділдебаева 36 жыл бойы Жамбыл аудандық пошта торабында жұмыс істеп келеді. Ол он шақты пошташының жұмысын қадағалайды. Бөлім қызметкерлері әр хатты мөрлеп, мәліметтер базасына тіркеп, баратын мекен-жайын нақтылайды. Егер хатта қандай да сәйкестік болмаса иесіне бармай қалуы мүмкін.
Ольга Ділдебаева, Қазақстанның үздік байланысшысы:
- Пошташы қызметінің өз ауыртпалықтары бар. Бұрын газет журналдарға жазушылар көп болатын. Күніне бірнеше ауылды аралап шығушы едім. Кейде жүріс-тұрысы ауырлаған қариялардың зейнетақысын үйлерін апарып береміз. Әскердегі сарбаздар туыстарына хат жолдайды. Сондай хатты аналарының қолына табыстаған сәт ерекше қуанышқа толы болады. Жұмысымды сол үшін сүйемін.
Қазір интернет арқылы қалаған затыңа тапсырыс беріп, поштамен алдыртыуға мүмкіндік көп. Кейде сондай сәлемдеменің салмағы ауыр болғанда тасымал құралы керек. Мерзімді баспасөзге жазылушыларға да басылым дер кезінде жетуі тиіс.
Алмас Садуақас, тілші:
«Газет-журналдарды әр үйге жеткізу үшін пошташы көшелерлі жаяу аралайтын еді. Қазір мына электромопедке мінгелі бері жолы ұзарып, жұмысы да жеңілдеді».
Ольга Ділдебаева бұл электромопедті жұмысқа деп бір ай бұрын арнайы сатып алған. Техника тілін тез меңгерді. Бұл күні Ұзынағаш көшелерімен зуылдап, апталық басылымдар мен хаттарды тасып жүр. Ауыл тұрғындары Ольганы «жақсы хабар жеткізуші» дейді.
Рахат Қалиев, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:
«Қашан мына газет келеді екен деп газетті күтіп отырамыз. Телевизорден де қараймын. Бірақ газет деген айна ғой бұл».
Байқалы Нүкетаев, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:
«Бұл кісіні ылғи көреміз. Уақытысында әкеледі газет журналымызды, телеграммамызды да келеді. Өзі қол қойдырып алады. Міне алдыңыз деп айтады. Осындай уақытта келіңіз деп. Енді біз не айтамыз. Еңбегі әруақытта өтімді болсын. Халқына істеген еңбегі ақталсын».
Қырық жылға жуық уақыт еңбегін адал атқарып келе жатқан Олга Ділдебаева ауылдың әр көшесі мен бұлтарысын жатқа біледі. Өйткені, ауылды көп жыл жаяу аралаған. Ал қазір шағын көлігімен күн сайын он шақырымдай жер жүріп, жұмысын атқарып тастайды.
Ольга Ділдебаева, Қазақстанның үздік байланысшысы:
«Денсаулық әрине бұрынғыдай емес қой. Балтырым сыздайды, әудем жер жүрсек шаршап қалатын болдық. Хаттар мен газеттерді тасыған өзіме ұнайды. Сондықтан осы шағын көлікті сатып алдым. Жаяу жүргенде бұралқы иттер маза бермейтін. Қазір олардан қорықпаймын».
Аудандық байланыс торабының іші күнде қарбалас. Зейнетақы, жәрдемақы алу, қалаларға сәлемдемелер жіберу, газет-журналға жазылу, төлемдер төлеу бәрі осы мекемеде жүзеге асырылады. Ақпараттық технологиялар дамыған заманда да пошташы қызметі өз маңыздылығын ешқашан жоғалтпақ емес.
Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов