Zhas Project жобасы арқылы 280 жас кәсіпкер мемлекеттен грант алады
Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Zhas Project жобасы арқылы биыл 280 жас кәсіпкер мемлекеттен грант алу мүмкіндігіне ие болды.
Басымдық әлеуметтік осал топтағы және 18-35 жас аралығындағы азаматтарға беріледі. Бір миллион теңге қаржы бірінші кезекте "бизнес-жоспар" құруға және кәсіпті сапалы таныстыруға жұмсалады. Игі бастамаға "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" да ұйытқы болып отыр. Өткен жылғы нәтиже бойынша грант алушылардың көбі қызмет көрсету саласы мен ауыл шаруашылығын таңдаған.
Роллан Құспан, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің комитеті төрағасының орынбасары:
- Аталған жоба бойынша шағын гранттарды беру конкурсына құжаттарды қабылдау мерзімі үстіміздегі жылдың 9 қазанынан бастап, 22 қазан аралығында өтеді. Сонымен қатар жастардың жобаға қатысу географиясын кеңейту мақсатында 2023-2024 жылдары жобаны жыл сайын еліміздің 20 өңірінде жүзеге асыру жоспарлануда. "Zhas Project" жобасы осал жастардың өмірлік дағдыларын дамытуға және олардың жергілікті қоғам өміріне тығыс араласуына мүмкіндік береді.