ШҚО-дағы мектеп көлік дөңгелегінің бағасын тым артық көрсеткен

Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауылындағы мектеп-интернаты әрбір автокөлік дөңгелегін 420 мың теңгеден сатып алмақшы болған.

Білім беру мекемесінің көлікті қысқа дайындау мақсатымен мемлекеттік сатып алулар сайтына осындай өтінім қалдырғаны анықталып отыр. Олар осы әрекетімен дөңгелектің өзіндік құнын 5 есе артық көрсеткен. Болған жағдайды өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі растады. Олар облыстағы білім басқармасына бұл мектептің басшылығын тәртіптік жауапкершілікке тартуға және үнемделген қаржыны басқа мақсатқа жұмсауға кеңес берді.

Өкініштісі, соңғы кездері мұндай жағдайлар бюджет қаржысын талан-таражға салу әдісіне айналып барады. Өңірдегі мемлекеттік сатып алуға қатысушылар жыл басынан бері алынатын тауарлар құнын 2 миллиард теңгеге асыра көрсеткен. Барлық күмәнді де даулы келісімшарттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен дер кезінде тоқтатылды.

Архат Бейсембаев, ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басқарма басшысы:

- Нарықтық баға бойынша аталған шиналардың бағасы 30 мың теңгеден 80 мың теңге аралығында тұрады. Расында да, артық баға салынып, жоспарланып тұрғаны белгілі болды. Сондықтан тиісті өзгерістер енгізілді. Қазіргі уақытта сол колледждің қажетіне үнемделген сома 1 млн 200 мың теңгені құрайды. Бұл колледждің өзінің басқа да қажеттіліктеріне жұмсалады.