Оралда гранттарды талан - таражға салғандар анықталды
Оралда бизнеске арналған мемлекеттік гранттарды оңды-солды үлестіріп, негізсіз жұмсаған.
Мәселен, бағдарламаға қатысушы 14 адам қаржыны мақсатты пайдаланғанын растау үшін есептен шығарылған малдың құжатын ұсынған. Енді бірі туыстарынан төрт түлік сатып алғаны жөнінде жалған тауарлық чек тіркеген. Кейбіреулер бизнес-жобаға бөлінген қайтарымсыз қаржыны қалтаға басып, кәсіппен мүлде айналыспаған. Мұны қалалық прокуратура мемлекеттік бағдарламаның орындалуын тексеру кезінде анықталды. Қазір 6 тұлға 4 миллион теңгеден астам қаржыны бюджетке қайтарды.
Азиз Нияров, қалалық прокуратураның бөлім басшысы:
- Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша сот тәртібімен 8 қатысушыдан 5,1 млн. теңге мөлшерінде соманы өндіріп алу туралы талаптар қанағаттандырылды, 2 тұлғамен 2,4 млн.теңгені қайтару туралы бітімгершілік келісімдер жасалды, 4 тұлғамен мемлекеттік бюджетке берілген гранттардың сомасы ерікті түрде өтелуде.