Заңсыз иемденілген 180 млрд теңге елге қайтарылады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жыл соңына дейін елден заңсыз шығарылған 180 млрд теңгені қайтармақ ниетте.
Олар Франция, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркияға аударылған. Заңсыз иемденілген активтерді қайтаруға тиісті заң мүмкіндік береді. Ол 12 шілдеде күшіне енді. Құзырлы министрлік бүгінге дейін нормативтік құқықтық тізімдерді нақтылады. Активтерді қайтару жөніндегі комитет пен комиссия құрылды. Жобаға бастамашы болған Аманат партиясының барлық ресурсы жұмыстың жүйелі атқарылуына ат салысады. Құжатта заңсыз активті қайтарып алу жолдары нақты көрсетілген. Тұлға иемденген қаражатты өз еркімен қайтаруға құқылы. Олай болмаса, лауазымды органдар сотқа жүгіне алады. Жалпы, активтерді заңсыз иеленуі мүмкін азаматтардың есімі жабық тізілімде тіркеледі.
Алма Мұқанова, ҚР Әділет вице-министрі:
- Соттың шешімі шықпағанша, ешқандай фамилиялар аталмайды. Өйткені олар тиісті комитеттің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Соттың тиісті шешімі шыққан кезде әрине жарияланады. Бүкіл қайтарылған активтер бойынша тиісті ұйым құрылған, сол ұйым әр жыл сайын отчет беру керек.