Маркетплейстегі жобалар электронды коммерцияға едәуір ықпал етті
Маркетплейс платформасындағы жобалар электрондық коммерция нарығының дамуына айтарлықтай ықпал етті.
Оның көмегімен тауарлар мен қызметтерді онлайн жүйеде пайдалануға болады. Мәселен, қазір елде OZON интернет дүкені қарқынды дамып келеді. Тұтынушылар өзіне қажетті тауарға жылдам тапсырыс бере алады. Ал кәсіпкерлер өз қызметтерін ұсынады.
Digital Bridge 2023 форумында OZON маркетплейсі өзінің мүмкіндіктерін, озық технологияларын көпшілікке таныстырды. Танымал интернет дүкеннің Қазақстандағы бас директоры Мөлдір Рысалиеваның айтуынша маркетплейстің болашағы зор. Data science технологиясы арқылы тұтынушылардың сұранысы ескеріледі.
Мөлдір Рысалиева, Ozon Kazakhstan бас директоры:
- Онлайн жүйедегі оқыту базасы негізінде миллиондаған сұраныстарды өңдейміз. Нәтижесінде әр тұтынуышының қандай тауарды таңдағанын, жалпы таңдау барысында не нәрсеге мән бергенінен хабардар боламыз. Әдетте клиенттер бірінші кезекте тауардың сапасына, бағасына қарайды. Және тапсырысты дер кезінде жеткізу де маңызды. Біз осы бағыттағы жұмыстарды күшейте бастадық. Нәтиже жаман емес.
OZON маркетплейсі - кәсіпкерлер үшін өз тауарларын сататын бірегей алаң. Бұл жерде жүйе қолданушыларына бағыт-бағдар беріледі. Соған сәйкес ұсынатын қызмет түрін жетілдіруге болады. Қазір 15 мыңға жуық отандық кәсіпкерлер маркетплейс арқылы табыс тауып отыр.
Мөлдір Рысалиева, Ozon Kazakhstan бас директоры:
- Озонның Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқанына 2 жылдай болды. Қазір интернет дүкенімізде 200 миллион тауар түрі бар және 400 миллионға дейін тапсырыстар түседі. Биыл бұдан да үлкен межені еңсеруді көздеп отырмыз. ТМД елдерінің ішінде Қазақстан тапсырыс беру жағынан көш бастайды деген үміттеміз.
OZON 2021 жылы Қазпоштамен келісімшартқа отырды. Енді ел тұрғындарының онлайн дүкенде таңдаған тауарлары пошта арқылы да жеткізілетін болады. Интернет дүкен барлық тұрғындар үшін қолжетімді. Сайт арқылы немесе мобильді қосымша арқылы тапсырыс беруге болады.
Әл-Фараби Серіков, Наурызбай Құрманғазы