Егінші еңбегі еленген күн
Атырау облысындағы Махамбет ауданының егіншілері күзгі жиын-терімді жемісті аяқтады.
Биыл олар 75 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімін жинады. Осыған орай ауданда ауқымды мерекелік шара өтіп, үздіктер марапатталды. Шара барысында аудан тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Бүгінгі жәрмеңкеден жергілікті өнімнің барлық түрін табуға болады. Әсіресе картоп, пияз, сәбіз секілді көкөністерге сұраныс жоғары. Себебі азық-түлік нарықтан 25-30 пайызға арзан.
Гүлшат Құлшыманова, Сарытоғай ауылының тұрғыны:
- Арзан бәрі, ауыл шаруышылғының күні деп бүгін 2000 теңгеден ет алдық, қазы 3,5 мың теңге. Пияз-50, картоп-90, бәрі жақсы. Осындай жәрмеңкелер керек бізге. Өте дұрыс тиімді баға Біздің Махамбеттің халқы бәрі риза болып жатыр.
Махамбет ауданының егіншілері биыл 4,3 мың гектар алқапқа дән септі. Олар 75 мың тоннаға жуық жер ризығын жинаған. Жалпы ауданның облыстағы егін шаруашылығындағы үлесі 65 пайызға тең. Мемлекет қолдауына сүйенген ауылдықтар егіншілікке барынша бет бұрып келеді.
Қайрат Нұрлыбаев, Махамбет ауданының әкімі:
- 100 үстінде шаруа қожалығы егін егумен айналысады. Жылма жыл көбейіп келеді. Барлығы тамшылатып суару, яғни су үнемдеу технологиясына көшіп жатыр. Оған мемлекеттің қолдауы бар субсидиялар беріліп жатыр. Минералды тыңайтқышқа, дизель отынына да беріліп жатыр.
Бұдан бөлек Махамбет ауданында жылына 1600 тонна қияр мен қызанақ өсіретін өндірістік жылыжай бар. Аумағы 5,5 гектарлық тағы бір жылыжай келер жылы пайдалануға беріледі. Осылайша махамбеттік егіншілер облыс тұрғындарының ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысын толық қанағаттандыруға жұмылып жатыр.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов