Түркістан облысында балықшылар форумы өтті
Балық шаруашылығын қалай дамытамыз?
Түркістан облысы Сайрам ауданында осы мәселені талқылаған республикалық форум өтті. Жиында балық шаруашылығы қауымдастығын құру туралы Қарар қабылданды. Соңында әуесқой балықшылар арасында балық аулаудан сайыс өтті.
Сайрам ауданындағы Көлкент демалыс орталығында өткен форумға балық шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген ірі шаруа қожалықтарының иелері мен кәсіпкерлер және балық өсіруге қызығушылық танытқан 300-ге жуық адам қатысты. Жиналғандар алдымен Көлкент балық шаруашылығының жұмысымен танысты. Мұнда сазан, ақамур және тұқы балықтары өсіріледі. Шаруашылық басшысы өз тәжірибесімен бөлісіп, «балық өсірем» деушілерге істі бастамас бұрын алдымен оқып алуға кеңес берді.
Нүркен Төлендиев, балық шаруашылығының құрылтайшысы:
- Менің жағдайымда алдымен балық салдым, кейін оқыдым. Көптеген қателіктер бар екенін түсіндім. Әрине, балықтың өзінің қиыншылықтары бар. Уақытылы жемін беру, қарау, судың температурасы деген сияқты, соның бәрін қадағалап отыру керек. Балықты келесі жылдан бастап сатуға шығарамыз деп отырмыз. Көл жылына 50-60 тонна балық алуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке елімізде балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылға арналған бағдарламасы қабылданып, жүзеге асыруды жүктеген еді. Осыған орай форумда жаңадан құрылған балық шаруашылығы ассоциациясы саладағы түйіткілді мәселелерді жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, шешуге уағдаласты. Сондай-ақ балық өсірушілерге жан-жақты көмек көрсетеді.
Қайрат Абдуалиев, облыстық табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Ассоциацияның мақсаты – салалардың бір-бірімен байланысы жоқ. Арнайы өздерінің чаттарын ашып, жиындары мен кездесулерін көбейту арқылы ғалымдармен үйлстіріп, осындай семинарлар өткізу арқылы шаруалардың алдағы атқаратын жұмыстарына жәрдем беру. Үкіметтің бағдарламасына сәйкес, бізге 20 мың тонна, біз 30 мың тоннаға шықсақ,экспортқа да шығауға мүмкіндік туады.
Осыған байланысты өңірде балық өсіруге ниеттілерге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие, субсидия беру және салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Аудан, қала әкімдеріне 2025 жылға дейін 250-ге жуық балық шаруашылығын ашу міндеті жүктелді. Сонымен қатар шара аясында әуесқой балықшылар арасындағы балық аулау сайысы өтті.
Нұрлыбақыт Төлен, сайысты ұйымдастырушы:
- Бірінші орын алған жігітіміз 3 келі сазан балығын ұстады. Екінші орын алған жігітіміз 1 келі сазан ұстады. Үшінші орын иесінің қармағы 800 гамм ақамур балығын қапты. Бұл жерде балық түрлері өте көп. Балықшылар осы Түркістан облысының төңірегінен, осы жердің тұрғындары да бар. Одан бөлек Жетісай, Сарыағаш, Түлкібас аудандарынан келді.
Бекзат Қыпшақбаев, сайыс жеңімпазы:
Төзімділік керек, шыдам керек. Сабыр керек біріншіден, басқалар жауын құртпен, мен өзімді жүгері дәнімен сынап көрейін деп, кукурузбен ұстадым. Күткенім ойымдағыдай болды. Бірінші орын алдым, қуаныштымын.
Шараның мақсаты осы бағытта кәсіп бастаймын дегендерді ынталандыру, әуесқой және спорттық бағыттағы балық аулауды дамыту. Форум барысында балық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, кәсіпкерлер тәжірибе алмасты. Бұдан бөлек Састөбе көлі мен Бадам су қоймасына 100 мың дана тұқы балығының шабақтары жіберілді. Айта кетейік, Түркістан облысы тауарлы балық өндіруден республикада көш басында тұр.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов