Жасанды интеллект журналисті жұмыссыз қалдыра ма?
Жасанды интеллект журналистердің орнына жүре ала ма?
Олар да жұрттың көкейіндегісін дөп басып, мақала жазуы ммүкін бе?
Бішкекте өткен 10-медиа және ақпарат саласындағы мәселелер жөніндегі Түркі мемлекеттері ұйымының басқосуында осы жағдай талқыланды.
Жасанды интеллект журналистерді жұмыссыз қалдыруы мүмкін деген болжам бекер емес. Түркі тілдес елдердің мамандары осылай дейді. Соңғы жылдары медиа кеңістікте жасанды интеллект басқаратын түрлі технология көбейді. БАҚ өкілдері де тәулік бойы келіп түсетін ақпарат ағынын тез игеру қиынға соғатынын жасырмайды. Бұл кезекте нейрожүйе әлдеқайда жылдам. Ақпаратты тексереді. Сараптай алады.
Дәулетхан Жиенқұлов, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Цзянсу провинциясының телерадиокорпорациясына апарды бізді. Көрдік. Сол жерде бізді сол жердегі телевидениенің жұмысымен таныстырып жүрген қыз сол телевидениеде сол корпорацияда жүргізуші болып жұмыс істейді екен. Біздің қасымызда жүр. Сөйлесіп жүр. Келесі залға өткен кезде бізде үлкен экран. Қазір бізде тікелей эфир өтіп жатыр, міне жаңалықтар жүріп жатыр деді, жаңағы экранды қосты. Шынында да тікелей эфирде жаңалықтар жүріп жатыр. Жаңа біздің қасымызда тұрған қыз ана экранда тұр.
Жасанды интеллект тапсырманы бұлжытпай орындайды. Десе де, ол жай ғана жүйе. Шығармашылықтан ауылы алыс. Сондықтан журналистердің орнын басуы екіталай. Тек көмекші ретінде қызмет етуі керек деген пікірлер де айтылды.
Александр Кулинский, әлеуметтік саяси зерттеулер орталығының жетекшісі:
- Үйлестіруші редактор - арнайы маман иесі. Ол чат GPT-дің көмегімен әр адамның қызығушылығына қарай тақырыпты өзі таңдап береді.
Сарапшылар жасанды интеллект болашақтың технологиясы дейді. Әсіресе медиакеңістікте. Сондықтан түркітілдес елдердің өкілдері алдағы уақытта да осы тақырып аясында кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.
Фариза Жанғанаева, Бакыт Чермашев