Қытайдың ірі логистикалық операторы Қазақстанға келеді
Қытайдың тауарды жылдам жеткізуге маманданған ең ірі логистикалық операторларының бірі Қазақстан нарығына келіп, Орталық Азиядағы бас кеңсесін ашады.
Уағдаластық «Қазпошта» мен YTO Express Group арасындағы ынтымақтастық аясында бекітілмек. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев пен қытайлық компанияның басқарма төрағасы Йу Хуэй Дзяодың кездесуінде мәлім болды. Қазақстан 2030 жылға қарай электронды сауда үлесін жалпы сауда-саттық нарығының 20%-іне дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ал Йу Хуэй Дзяо басқаратын кәсіпорын еліміздің бірқатар өңірінде «А» санатына жататын жоғары технологиялық мультимодальды орталықтар салмақ. Осы арқылы тауарды жедел өңдеп, оны алыс-жақын мемлекеттерге тасымалдауға оңтайлы жағдай жасалады.
Әсел Жанасова, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы:
- 3 бағытта бірге жұмыс жасайтын боламыз. Ең біріншіден, бұл – Қазақстанды үлкен логистикалық хабқа айналдыру, Орталық Азияда. Қытайдан Қазақстанға және ОА тасылатын сәлемдемелердің жылдамдығын ілгерілету. Үлкен инфрақұрылымға инвестициялар тартылатын болады. Бұл Алматы, Астана, Ақтөбеде үлкен авиалогистикалық хабтардың дамуына үлесін қосады.